Ағымсалы Дүзелханов. «Ұлы даланың рухы»

Ағымсалы Дүзелханов. «Ұлы даланың рухы»

фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейі

2026 жылдың 28 тамызы күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде қазақ бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ағымсалы Дүзелхановтың 75 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Ұлы даланың рухы» атты ауқымды көрме ашылады.

Көрме суретшінің әр жылдары дүниеге келген жұмыстарын топтастыра отырып, оның шығармашылық жолының негізгі кезеңдерін пайымдауға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, экспозиция суретшінің өнердегі ізденістерін тұтас қамтитын ретроспективалық сипатқа ие. Экспозицияда автордың студенттік жылдарынан бастау алатын шығармалары ұсынылған. Олардың қатарында алғашқы натюрморттары, эскиздері мен нобайлары, сондай-ақ шығармашылық ізденісінің әр кезеңін танытатын материалдар бар. Көрме төрінен суретшінің 1974 жылы жазылған алғашқы еңбектерінің бірі – «Досыммен бірге» атты автопортретін де тамашалауға болады.

Фото: Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі

Суретші Қызылорда облысының Қазалы өңірінде дүниеге келген. Ол Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін және В.И. Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтын тәмамдаған. Тарихи кескіндеме, станоктық және кітап графикасы, плакат өнері салаларында жемісті еңбек етіп, 300-ден астам кітап пен 50-ден аса плакатты көркем безендірді. 1992 жылы тәуелсіз Қазақстанның алғашқы ұлттық валютасы – теңгенің көркемдік дизайнын жасауға қатысып, елдің визуалды рәміздерін қалыптастыру ісіне елеулі үлес қосты.

Экспозицияға Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің қорынан, суретшінің отбасылық коллекциясынан және жеке жинақтардан алынған туындылар енгізілді. Көрермен назарына ұсынылған көрме шебердің сан қырлы шығармашылық мұрасын кеңінен танытып, оның әр алуан бейнелік әрі тақырыптық ізденістері мен жанрлық туындыларын қамтиды. Экспозицияда түркі өркениетіне, қазақ эпосына, тарихи тұлғаларға және Ұлы дала мәдениетіне арналған шығармалар топтастырылған.

Фото: Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі

Көрмеде тарихи-эпикалық тақырыптағы кескіндеме туындылары, станоктық және кітап графикасы, әдеби шығармаларға салынған иллюстрациялар, литографиялар, акварель және гуашь техникасында орындалған жұмыстар, авторлық эскиздер мен жобалар, сирек басылымдар, архивтік құжаттар мен фотоматериалдар, сондай-ақ суретшінің өмірі мен шығармашылығын танытатын бейнефильмдер және мультимедиялық материалдар ұсынылады.

 

Экспозиция қыркүйек айының 27-сіне дейін жалғасады.

 

 

Көрменің кураторы – «Қазақстанның бейнелеу өнері»

бөлімінің жетекшісі  Жұбанова Г.А.

 

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз