2050 жылға қарай миопия әлемдегі 5 млрд адамнан анықталады. Зерттеу

2050 жылға қарай миопия әлемдегі 5 млрд адамнан анықталады. Зерттеу

фото: pexels.com

Қала мектептерінде оқитын оқушылар арасында ең жиі кездесетін ауру түрі - миопия. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлім болды.

Ведомство мәліметінше, Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының дерегі бойынша миопия мектеп оқушылары арасындағы офтальмологиялық аурулардың тізімінде бірінші орында тұр. Оның дамуына тұқым қуалау әсер еткенімен, оның кең таралуына көбіне балалардың өмір салты ықпал етеді.

Көзінің түсін өзгерпек болған әйел көру қабілетінен айырылуға шақ қалды

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

– Миопия – мектеп оқушылары арасында ең жиі кездесетін көз ауруы түрі. Ал қалалық мектептерде оның таралуы 30%-ға жетеді. Оның туындауына негізгі себеп – жақын қашықтықта көзге ұзақ уақыт күш түсіру, смартфондар, планшеттер және басқа да цифрлық құрылғыларды шамадан тыс пайдалану, сондай-ақ балалардың таза ауада жеткілікті уақыт өткізбеуі. Әлемнің жетекші мамандарының пікірінше, балалардың ашық ауада өткізетін уақытын көбейту миопияның дамуы мен үдеуінің алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі, – делінген министрліктің агенттікке берген жауабында.

Министрліктің мәліметінше, миопия Қазақстанда ғана емес, әлемде де көздің ең кең таралған ауруларының бірі саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, бүгінде әлем халқының 30%-дан астамы миопияға шалдыққан.

– Қазақстанда миопияның үдеуін тежеуге бағытталған заманауи әдістер, соның ішінде перифокалды көзілдіріктер мен ортокератологиялық линзалар қолданылады, - деп мәлімдеді министрлік. 

Ғалымдардың болжамынша, 2050 жылға қарай миопия әлем халқының жартысына жуығында, яғни шамамен 5 млрд адамнан анықталады. Оның ішінде әрбір бесінші адамда жоғары дәрежелі миопия, ал шамамен 200 млн адамда патологиялық миопия дамуы мүмкін.


Ақпарат ҚазАқпарат агенттігінен алынды. 

Читайте также

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз