Испания – футбол ойынынан әлем чемпионы атанды

Испания – футбол ойынынан әлем чемпионы атанды

фото: pexels.com

Испания футболдан 2026 жылғы әлем чемпионы атанды. 

Нью-Джерсиде өткен финалда «Қызыл фурия» Аргентинаны қосымша уақытта 1:0 есебімен жеңді. Шешуші голды 106-минутта Ферран Торрес соқты. Осылайша Испания 16 жылдан кейін әлем кубогын қайтарып, тарихындағы екінші чемпиондығына қол жеткізді. 

- Бір айдан астам уақытқа созылған футбол тойының шешуші сәтіне де санаулы минут қалды. Алаңға қазіргі әлем чемпионы Аргентина мен Еуропаның үздігі Испания шығады. Бірі чемпиондық атағын қорғауға, екіншісі 16 жылдан кейін әлем кубогын қайтаруға ұмтылады. Тәжірибелі Лионель Месси мен жас жұлдыз Ламин Ямальдың текетіресі де финалға ерекше әсер беріп отыр, деп хабарлады 24kz тілшісі Ердана Ержанұлы. 

Матч алдында стадион маңы үлкен мерекелік алаңға айналды. Көңіл күй көтеріңкі болғанымен, трибунаға жету оңай болған жоқ. Көрермен де, тер төккен еріктілер де бірнеше сағат бұрын келіп, кіреберістерде осындай ұзын-сонар кезек пайда болды. Финалдық бәсеке алдында жабылу салтанаты ұйымдастырылып, Том Круз, Ishowspeed секілді жұлдыздар елең еткізді. 

Ал үзілісте әлем чемпионаттарының тарихындағы алғашқы арнайы музыкалық шоу өтіп, оған Мадонна, Шакира, Джастин Бибер, BTS пен жергілікті балалар хоры қатысты. Алаңдағы концерттен кейін футболшылар қайта шығып, чемпионды анықтау үшін тартысты жалғастырды.

 Негізгі уақытта есеп ашылған жоқ. Испания допқа көбірек иелік етіп, тоқтаусыз шабуылдағанымен, Аргентина қақпашысы командасын үздіксіз құтқарумен болды. Қосымша уақыттың 106-минутында Ферран Торрес жалғыз голды соғып, Испания Аргентинаны 1:0 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанды. 

БЛИЦ

 - Иә, 16 жылда қайта чемпион болдық. Барлығы үшін өте қуаныштымын. Бұл жеңіс тек FIFA үшін емес, бүкіл Жер шары үшін және футболды жақсы көретін барлық жанкүйер үшін маңызды деп ойлаймын. 

- Қатты қынжылып тұрмын. Бұл Мессидің соңғы әлем чемпионаты болды. Ұлттық құрамадағы соңғы ойыны ма, жоқ па – білмеймін. Бірақ бәрібір өте өкінішті.

 - Испания өте жақсы ойнады. Командамыз мықты болды. Жеңіске жеткенімізге қуаныштымын. Өзім жартылай марокколықпын. Сондықтан Ламин Ямальдың әлем чемпионы атанғанына ерекше қуанып тұрмын. 

- Шынымды айтсам, көңілім сонша түскен жоқ. Матч қатты ұнады. Ойыншылар алаңда бар күшін салды. Одан артық ештеңе сұрай алмаймын. Олар керемет ойын көрсетті. 

     Осы жеңістен кейін Испания ерлер және әйелдер құрамалары арасында әлем чемпионы атағын қатар иеленген алғашқы мемлекет атанды. Осыған дейін испаниялық арулар 2023 жылғы біріншіліктің көшін бастаған еді. Бұған қоса Қызыл фурия елі келесі чемпионатты Морокко және Португалиямен бірлесіп өткізетіндіктен Аргентинадан жұлып алған жүлденің құны болашақ қожайын ретінде тіптен арта түсті

Ақпарат 24.kz сайтынан алынды.

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз