Еуропалық орталық банк (ЕОБ) еуро банкноттарының жаңартылған үлгілеріне арналған финалдық он дизайн нұсқасын көпшілік назарына ұсынып, еуроаймақ тұрғындарын өз таңдауларын жасауға шақырды. Бұл бастама жаңа банкноттардың сыртқы келбетін ғана емес, Еуропаның ортақ құндылықтары мен мәдени-тарихи болмысын айқындауға бағытталған.
Жаңа банкноттар заманауи қауіпсіздік талаптарына сай әзірленіп, қолдануға ыңғайлы әрі оңай танылатын болуы көзделген. ЕОБ мәліметінше, барлық техникалық және өндірістік жұмыстар аяқталғаннан кейін олар кезең-кезеңімен айналымға енгізіледі.
Банк жариялаған 1200-ден астам ұсыныстың ішінен сарапшылар он үздік эскизді іріктеп алған. Олар екі негізгі тақырыпқа топтастырылған: «Еуропа мәдениеті» және «Еуропа табиғаты». Әр бағыт бойынша бес дизайн әзірленген.
Еуропалық орталық банк президенті Кристин Лагард азаматтарды реттеушінің ресми сайтындағы онлайн дауыс беруге қатысуға шақырды. Қоғамдық пікір нәтижесі болашақ еуро банкноттарының түпкілікті дизайнын таңдауда маңызды рөл атқарады.
Егер «Еуропа мәдениеті» тақырыбы жеңіске жетсе, банкноттарда құрлықтың өнер, ғылым және әдебиет саласына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалары бейнеленеді. Атап айтқанда:
* 5 еуро – опера әншісі Мария Каллас;
* 10 еуро – композитор Людвиг ван Бетховен;
* 20 еуро – ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты Мария Кюри;
* 50 еуро – жазушы Мигель де Сервантес;
* 100 еуро – Леонардо да Винчи;
* 200 еуро – Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Берта фон Зуттнер.
Ал «Еуропа табиғаты» топтамасында банкноттардың алдыңғы бетіне өзендер мен табиғи ландшафт аясындағы құстардың бейнесі орналастырылады. Олардың қатарында қабырға құсы, көкқұс, аражегіш, ақ дегелек, бізтұмсық және солтүстік олушасы бар. Купюралардың сыртқы бетінде Еуропалық парламент, Еуропалық комиссия, Еуропалық орталық банк, Еуропалық одақ соты, Еуропалық кеңес және Еуропалық аудиторлар соты секілді ЕО институттарының ғимараттары бейнеленеді.
Қоғамдық дауыс беру аяқталған соң Еуропалық орталық банк жеңімпаз тұжырымдаманы бекітіп, жаңа банкноттарды шығарудың техникалық кезеңіне кіріседі. Жаңартылған еуро купюралары барлық өндірістік рәсімдер аяқталғаннан кейін біртіндеп қолданысқа енгізіледі.