Әлемде жыл сайын туберкулезбен 10 млн адам ауырып, 1,5 млн науқас қайтыс болады

Әлемде жыл сайын туберкулезбен 10 млн адам ауырып,  1,5 млн науқас қайтыс болады

фото: pixabay.com

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұсынады:

 

Туберкулезге қарсы ұйымдардың қызметіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

 Туберкулез бүкіл әлемдегі өзекті инфекциялық аурулардың бірі болып қала береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (бұдан әрі – ДДCҰ) деректеріне сәйкес, 2024 жылы әлемде шамамен 10,7 миллион адам туберкулезбен ауырған, ал қайтыс болғандар саны 1,23 миллион адамды құрады. Заманауи медицинаның жетістіктеріне қарамастан, туберкулез инфекциялық аурулардан болатын өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып қалып отыр.

 Ерекше алаңдаушылық тудыратын мәселе - ұзақ уақыт емдеуді және эпидемияға қарсы іс-шараларды қатаң сақтауды талап ететін дәріге төзімді туберкулез түрлерінің таралуы. Сондықтан туберкулезге қарсы ұйымдарды ұстауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекциялардың алдын алуда маңызды рөл атқарады.

 Туберкулезге қарсы ұйымдарды мүмкіндігінше қала маңындағы немесе елді мекендердің шеткі аймақтарында, жасыл алқаптарда, тұрғын аймақтардан белгіленген санитариялық арақашықтықты сақтай отырып орналастыру ұсынылады. Ұйым аумағында пациенттердің эпидемиологиялық мәртебесіне сәйкес бөлек серуендеу алаңдары қарастырылады. Қабылдау бөлімінде жаңадан түскен пациенттерді қауіпсіз тексеру үшін кемінде екі қарау кабинеті немесе бокс болуы тиіс.

 Туберкулезге қарсы ұйымдардың негізгі қағидаттарының бірі - пациенттерді эпидемиологиялық мәртебесіне қарай бөлек орналастыру. Науқастар бактерия бөлінуінің болуына, туберкулез микобактерияларының дәрілік сезімталдығына және тағайындалған емдеу режиміне сәйкес мамандандырылған бөлімшелерге жатқызылады. Дәрілік сезімталдығы анықталмаған пациенттер зертханалық зерттеу нәтижелері алынғанға дейін жеке санитариялық тораппен жабдықталған бір орындық палаталарда орналастырылады. Бұл тәсіл пациенттердің дәріге төзімді микобактерия штамдарымен жұқтырылу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.

 Ғимараттардың ұйымдастырылуына ерекше көңіл бөлінеді. Стационар ғимараттары «таза» және «лас» аймақтарға бөлінеді. Бұл аймақтардың арасында механикалық желдету жүйесімен, ауаны залалсыздандыру құрылғыларымен және қол жууға арналған орынмен жабдықталған шлюз қарастырылады. Пациенттерге арналған палаталар тек «лас» аймақта орналастырылады.

 Желдету жүйесінің тиімді жұмыс істеуі маңызды санитариялық талаптардың бірі болып табылады. Палаталарда сағатына кемінде алты мәрте ауа алмасуы, ал қақырық жинау бөлмелері мен инфекциялық аэрозольдер түзілетін басқа да үй-жайларда сағатына кемінде он екі мәрте ауа алмасуы қамтамасыз етілуі тиіс. Сорып шығару желдету жүйелері HEPA-сүзгілерімен немесе ультракүлгін бактерицидтік құрылғылармен жабдықталады. Желдету жүйесі тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеуі қажет.

 Барлық туберкулезге қарсы ұйымдарда қақырық жинауға арналған арнайы бөлмелер қарастырылады. Олар жергілікті желдету жүйесімен, бактерицидтік сәулелендіргіштермен, қол жууға арналған раковиналармен, антисептикалық құралдармен және биологиялық материалды жинауға әрі тасымалдауға арналған сыйымдылықтармен жабдықталады.

Санитариялық-эпидемиологиялық режимнің маңызды құрамдас бөлігі - инфекциялық бақылау. Бактерия бөлетін пациенттер медицина қызметкерлерімен байланыс кезінде және ұйым аумағында жүрген кезде хирургиялық бетперде қолдануға міндетті. Мұндай пациенттердің тамақтануы палаталарда ұйымдастырылады. Пациенттерге палаталарда келушілерді қабылдауға және бөлімшелер арасында өз бетінше жүруге тыйым салынады.

 Пациенттерді күтуге арналған заттар, медициналық жабдықтар, жиһаз, төсек-орын жабдықтары мен төсек жаймалары бөлімшеден шығарылар алдында міндетті түрде дезинфекцияланады. Пациент шығарылғаннан кейін немесе эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша төсек-орын жабдықтары камералық дезинфекциядан өткізіледі. Туберкулезбен ауыратын пациенттерді емдеу және зертханалар қызметі барысында түзілетін медициналық қалдықтар эпидемиологиялық тұрғыдан аса қауіпті «В» сыныбына жатады және арнайы тәртіппен залалсыздандырылуы тиіс.

 Осылайша, туберкулезге қарсы ұйымдарда санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау пациенттерді тиімді емдеудің және туберкулездің таралуының алдын алудың негізгі шарты болып табылады. Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау:

 -              туберкулездің ауруханаішілік таралуының алдын алуға;

 -              медицина қызметкерлерін қорғауға;

 -              басқа пациенттердің жұқтыру қаупін төмендетуге;

 -             дәріге төзімді туберкулез түрлерінің таралуына жол бермеуге;

 -              диагностика мен емдеудің қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 Пациенттерді ұтымды орналастыруды, тиімді желдетуді, қатаң дезинфекциялық режимді және инфекциялық бақылауды қамтитын кешенді іс-шаралар пациенттердің, медицина қызметкерлерінің және жалпы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

 

Спикер - Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы - Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Алпысбайұлы Қасымхан.

 

 

 

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз