Жүз ән -- бір өнерпаз

Жүз ән -- бір өнерпаз

фото: Beibit Saparaly

       10 маусым күні Семей қаласында Қазақстанның мәдениет саласының үздігі, Шәкәрім университетінің құрметті профессоры, өнер зерттеушісі әрі орындаушы Қайрат Арқашұлы Қабышев «100 әндік рекорд» жобасын жүзеге асыруға ниеттеніп отыр. Шара Әсет Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияда өтеді.

       Бұл бастаманың басты мақсаты – қазақтың дәстүрлі ән өнерін насихаттау, ұлттық музыкалық мұраны дәріптеу және халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан орындаушылық мәдениетінің мүмкіндігін көрсету. Жоба аясында өнер иесі бірнеше сағат бойы қазақ әндерін үздіксіз орындап, тыңдарманға кең репертуар ұсынбақ.

       Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы орындау өнер тарихындағы ерекше сынақтардың бірі саналады. Өйткені әнші тек ән санын толық орындап қана қоймай, шығармалардың мәтінін, әуенін және көркемдік деңгейін сақтап шығуы тиіс. Сондықтан бұл жоба орындаушының кәсіби шеберлігі мен шығармашылық төзімін де айқындайды.

       Жалпы, әлемдік тәжірибеде ұзақ уақыт бойы музыкалық шығармаларды үздіксіз орындау рекордтық көрсеткіштердің қатарына жатады. Осы тұрғыдан алғанда, Семейде өтетін жоба ұлттық өнердің әлеуетін көпшілікке танытуға бағытталған мәдени оқиға ретінде бағалануда.

       Шараның тағы бір маңызы – қазақтың дәстүрлі ән қорының байлығын көрсету. Бір ғана орындаушының жүз әнді қамтуға ұмтылуы халқымыздың ән мұрасының мол екенін және оның бүгінгі күні де өміршеңдігін айғақтай түседі.

      Абай елі төрінде өтетін бұл өнер мерекесі мәдениет жанашырлары мен әнсүйер қауымның назарын аударып отыр. Ұлттық өнерді ұлықтауға арналған ерекше жобаның нәтижесін көпшілік қызығушылықпен күтуде.

      Ал біз Қайрат Арқашұлына шығармашылық табыс тілеп, қазақ ән өнерінің мерейін асыратын игі бастаманың сәтті өтуіне тілектестік білдіреміз.

Жазылу