Түлектерге тың жаңалық

Түлектерге тың жаңалық

фото: abai.kz

       Оқу-ағарту министрлігінің жаңа бұйрығына сәйкес, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау ережелері жаңартылды. Енді әр колледжде талапкерлердің құжаттарын қабылдап, әңгімелесу мен емтихан жұмыстарын ұйымдастыратын арнайы қабылдау комиссиясы құрылып, оның құрамына қоғамдық ұйымдар мен жұмыс берушілердің өкілдері де қатысады.

       Биыл мемлекеттік тапсырыс негізінде күндізгі бөлімге құжат қабылдау 25 маусым мен 22 тамыз аралығында жүргізіледі. Ал ақылы бөлімге құжаттар 27 тамызға дейін, кешкі және сырттай оқу нысандарына 20 қыркүйекке дейін қабылданады.

       Педагогикалық, медициналық және шығармашылық бағыттағы мамандықтарға түсушілер үшін қабылдау мерзімдері бөлек белгіленген. Сондықтан талапкерлер таңдаған мамандығына қатысты нақты күндерді алдын ала біліп алғаны жөн.

       Құжаттарды тапсыру бұрынғыдай электронды форматта жүзеге асады. «Электрондық үкімет» порталы арқылы өтініш беруге мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар талапкерлер бір өтініш арқылы жатақхана мен тегін тамақтану қызметтеріне де сұраныс жолдай алады.

       Колледжге түсушілермен міндетті түрде әңгімелесу өткізіледі. Оның ұзақтығы 20 минуттан аспайды. Ал медициналық, педагогикалық және шығармашылық мамандықтарға үміткерлер арнайы емтихан немесе тестілеуден өтеді. Медициналық бағытты таңдаған талапкерлер үшін эссе жазу да қарастырылған.

       Айта кетейік, грантқа үміткер жастар үшін кәсіби диагностика жүргізіліп, орын саны шектеулі болған жағдайда қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылады. Сондықтан талапкерлерге құжаттарын уақытылы өткізіп, талаптармен мұқият танысу маңызды. Білім жолындағы қадамдарыңыз сәтті болсын!

Жазылу