Темекі – әйел денсаулығына төнген үнсіз қауіп

Темекі – әйел денсаулығына төнген үнсіз қауіп

фото: https://www.istockphoto.com/ru/portfolio/LordHenriVoton

       Темекі шегу – тек жеке адамның таңдауы емес, болашақ ұрпақтың тағдырына әсер ететін қоғамдық мәселе. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын әлемде миллиондаған адам темекінің кесірінен көз жұмады. Өкінішке қарай, соңғы жылдары шылым шегетін әйелдердің қатары да көбейіп келеді. Бұл құбылыс тек әйелдің өз денсаулығына ғана емес, ана мен бала саулығына да зор қауіп төндіреді.

       Ұлттық госпитальдің учаскелік терапевт дәрігері Курван Айбасовтың айтуынша, темекі түтінінде никотиннен бөлек жүздеген улы химиялық қосылыстар мен қатерлі ісік туындататын канцерогендер бар. Олар адам ағзасының барлық жүйесіне зиян келтіреді. Алайда әйел ағзасының физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты темекінің әсері әлдеқайда ауыр болуы мүмкін.

       Әйел ағзасын ерте қартайтатын әдет

       Мамандардың айтуынша, темекі әйел ағзасындағы қорғаныш қызметін атқаратын эстроген гормонының бөлінуін төмендетеді. Соның салдарынан терінің серпімділігін сақтайтын коллаген азайып, әжімдер ерте пайда болады. Темекі шегетін әйелдердің бет әлпеті солғын тартып, терісі құрғап, қартаю белгілері ерте байқалады.

       Темекі түтініндегі көміртегі тотығы қан құрамындағы гемоглобинмен байланысып, ағзаға қажетті оттегінің жеткізілуін тежейді. Бұл әсіресе жүкті және бала емізетін әйелдер үшін аса қауіпті. Оттегі тапшылығы ана денсаулығына ғана емес, құрсақтағы нәрестенің дамуына да кері әсер етеді.

       Дауысқа, тіске және асқазанға зиян

       Темекі шегудің сыртқы келбетке ғана емес, дауыс сапасына да әсері зор. Түтіннің әсерінен көмейдің шырышты қабаты зақымданып, дауыс қарлығып, дөрекілене түседі. Сонымен қатар тыныс алу жолдарында созылмалы қабыну пайда болып, қатерлі ісік ауруларының даму қаупі артады.

       Шылым тіс эмалін әлсіретіп, кариестің жылдам дамуына жағдай жасайды. Әйелдерде асқазанның шырышты қабаты да темекінің зиянына сезімтал келеді. Соның салдарынан гастрит, асқазан жарасы және онкологиялық аурулардың даму ықтималдығы жоғарылайды.

       Ана болу бақытына қауіп

       Темекі әйелдің репродуктивті жүйесіне ерекше зиян келтіреді. Никотин мен улы шайырлар гормондық тепе-теңдікті бұзып, бедеулік қаупін арттырады. Жасөспірім қыздардың жыныстық жетілуі кешеуілдеп, түрлі қабыну аурулары жиілейді.

       Темекі шегетін әйелдерде жатырдан тыс жүктілік пен жыныс мүшелерінің қатерлі ісігіне шалдығу қаупі екі есеге дейін өседі. Сонымен бірге менопауза кезеңі ауыр өтіп, түрлі асқынулар жиі кездеседі.

       Жүктілік кезіндегі ең үлкен қатер

       Медицина мамандары жүкті әйелдердің темекі шегуін ең қауіпті факторлардың бірі деп есептейді. Никотин қан тамырларын тарылтып, ұрыққа қажетті қоректік заттар мен оттегінің жеткізілуін азайтады. Соның нәтижесінде нәрестенің дамуы тежеліп, туа біткен ақаулардың пайда болу қаупі артады.

       Зерттеулер темекі шегетін жүкті әйелдерде түсік тастау, мерзімінен бұрын босану, өлі туу және нәрестенің кенеттен шетінеу қаупі әлдеқайда жоғары екенін көрсетеді. Тіпті әйелдің өзі темекі шекпесе де, темекі түтіні бар ортада болуы құрсақтағы балаға зиян келтіреді. Сондықтан болашақ ананың темекі түтінінен толықтай қорғалуы маңызды.

       Емізу кезеңіндегі жауапкершілік

       Темекінің зияны сәби дүниеге келгеннен кейін де жалғасады. Бала емізетін ананың ағзасына түскен улы заттар ана сүті арқылы нәрестеге беріледі. Тіпті күніне бір-екі тал темекінің өзі сәбидің жүйке жүйесіне, тыныс алу мүшелеріне және жалпы дамуына теріс әсер етуі мүмкін.

       Мамандардың айтуынша, бала өмірінің алғашқы айларында темекі түтініне ұшырауы оның иммунитетін әлсіретіп, түрлі ауруларға бейімділігін арттырады. Сондықтан ана денсаулығы мен сәби саулығы үшін темекіден толық бас тарту қажет.

       Денсаулық – сәннен қымбат

       Қазіргі қоғамда темекіні тартымдылықтың немесе еркіндіктің белгісі ретінде көрсететін жарнамалар мен образдар әлі де кездеседі. Алайда бұл – денсаулыққа қауіп төндіретін маркетингтік тәсіл ғана. Темекі өндірушілер үшін табыс маңызды болса, әр әйел үшін өзінің және баласының денсаулығы бәрінен қымбат болуы тиіс.

       Темекіден бас тарту – өз өміріңізге, отбасыңызға және болашақ ұрпаққа жасалған ең үлкен қамқорлық. Әйел денсаулығы – ұлт саулығының негізі. Сондықтан зиянды әдеттен аулақ болып, салауатты өмір салтын таңдау әрбір қыз-келіншектің маңызды шешімі болуы керек.

       Дайындаған: Жазира Зәкірқызы
       Ұлттық госпиталь

 

 

 

Жазылу