Серікбай Әлжанның «Суретшінің толғауы» атты мерейтойлық жеке көрмесі

Серікбай Әлжанның «Суретшінің толғауы» атты мерейтойлық жеке көрмесі

фото: Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі

2026 жылдың 2 шілде күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде қылқалам шебері, суретші-ұстаз Серікбай Әлжанның «Суретшінің толғауы» атты мерейтойлық жеке көрмесінің ашылуы өтеді.

Көрме суретшінің көпжылдық шығармашылық жолын қорытындылайтын, ұлттық рух пен көркемдік ойды тоғыстырған тағылымды көркемдік кеңістік. Экспозицияға автордың табиғаттың әсем болмысын бейнелейтін пейзаждары, тарихи мазмұндағы композициялар, ұлттық тақырыптағы кескіндемелік және графикалық туындылары қойылады. Әрбір шығармада суретшінің ішкі жан дүниесі, туған жерге деген сүйіспеншілігі мен қазақ дүниетанымына тән терең философиялық мән айқын сезіледі.

Фото: Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі.

Қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленетін суретші Серікбай Әлжанның шығармашылығын бірнеше бағытқа бөліп қарастыруға болады. Оның туындыларында ұлттық болмыс, тарихи жады, дәстүр сабақтастығы мен табиғат үйлесімі көркем бейнеленген. Суретші әсіресе, композициялық шешімге, бояу үндестігіне, образдық мазмұнға ерекше мән береді.

Қылқалам шеберінің шығармашылығында пейзаж жанры айрықша орын алады. Оның картиналарынан табиғатпен үндескен тыныштық, сыршыл көңіл күй мен терең ой аңғарылады. Әсіресе, қыс мезгіліне арналған пейзаждары көрерменге ерекше әсер сыйлайды. Суретші табиғат көріністерін қарапайым бейнелеп қана қоймай, оны адамның рухани әлемімен сабақтастыра отырып жеткізеді. Қысқы табиғаттың үнсіздігі мен сұлулығын бейнелей отырып, адамның жан дүниесіндегі тыныштықты, сағыныш пен жылылықты нәзік бере алады. Оның «Қысқы орман» (2000 ж.), «Тыныштық» (2006 ж.) сынды туындыларында табиғаттың сабырлы қалпы мен қыстың ерекше әсемдігі анық байқалады. «Ауылдағы қыс» (2004 ж., 2015 ж.) атты туындылары суретшінің шығармашылық болмысын айқындап, оның өзіндік қолтаңбасын нақты танытады.

Фото: Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі.

Серікбай Әлжан шығармаларының маңызды бөлігі қазақ халқының тарихы мен рухани мұрасына арналған. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына арналған «Бостандық» шығармасы суретшінің тарихи тақырыптарға терең толғаныспен қарайтынын көрсетеді. Суретшінің «Ұлы қазақтардың мұрасынан» атты туындысы ЮНЕСКО қорына енген.

Қылқалам шебері портрет жанрында да өзін таныта алды. Автор қазақ зиялыларының бейнелеріне де ерекше көңіл бөлген. Оның қылқаламынан туған Мағжан Жұмабаев, Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» желісіндегі портреті, Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» тақырыбындағы туындысы, Сәкен Сейфуллин және өзге де тарихи тұлғалардың образдары ұлттық руханияттың көркем шежіресі деуге болады. 2021 жылы ХІ Республикалық «Тәуелсіздік толғауы» атты жаңа өнер туындыларына арналған онлайн-конкурсының «Абай және Жамбыл әлемі жас суретшілер көзімен» атты Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған үздік көркемсурет туынды номинациясы бойынша «Абайдың қара сөздері» туындысы І орынға ие болды.

Фото: Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі.

2020 жылғы пандемия кезеңінде суретші екі жыл бойы тынымсыз еңбек етіп, екі жүзден астам графикалық туындыларын жазып шығады. Бұл жұмыстарда уақыт тынысы, адамның көңіл күйі мен өмір философиясының өзгеше көркемдік шешімін бейнелеген. Көрме экспозициясында аталған графикалық топтамалар да көрермен назарына ұсынылады.

«Сурет — менің өмірім» деп бағалайтын суретші бар ғұмырын өнер мен ұстаздыққа арнады. Елу жыл бойы шәкірт тәрбиелеп, қазақ бейнелеу өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Бүгінде суретшінің туындылары Қазақстандағы және шетелдердегі музейлер мен жеке коллекцияларда сақтаулы. Солардың қатарында Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі қоры да бар.

 «Суретшінің толғауы» атты көрмесі  автордың шығармашылық әлеміне терең бойлап, ұлттық өнердің көркемдік қуатын сезінуге мүмкіндік беретін тағылымды мәдени оқиға.

Көрме 2026 жылдың 26 шілдесіне дейін жалғасады.

Жазылу
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз