Нысана дәл, нәтиже жоғары

Нысана дәл, нәтиже жоғары

фото: www.instagram.com

       Түркияның тарихи шаһары Стамбулда өткен «Fetih Cup» халықаралық турнирінде қазақстандық садақшылар тамаша нәтиже көрсетіп, ел қоржынына жүлделер салды. Әлемнің әр түкпірінен келген спортшылар қатысқан жарыс дәстүрлі садақ атудың беделді бәсекелерінің бірі саналады.

       Биылғы додаға 40 мемлекеттен 500-ден астам мерген жиналып, өзара мықтыны анықтады. Жарыс барысында қатысушылар бірнеше санат бойынша сынға түсіп, жоғары дайындық деңгейін көрсетті.

       Турнирдің 50 метр қашықтықтан атылатын Түрік путасы нысанасы бойынша өткен сайысында қазақстандық спортшылар үздіктер қатарынан көрінді. Ерлер арасында Жәнібек Саламатұлы қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль иеленді.

       Осы санатта өнер көрсеткен Марат Лұқпанов жүлделі үшінші орынға тұрақтап, қола медальға қол жеткізді. Бұл нәтиже Қазақстан құрамасының жалпы көрсеткішіне маңызды үлес қосты.

       Әйелдер арасындағы бәсекеде Сабира Жаппар да мергендігін дәлелдеп, үздік үштіктен көрінді. Ол жарысты қола жүлдемен аяқтап, ел мерейін үстем етті.

       Жарыс қорытындысында Қазақстанның дәстүрлі садақ атудан ұлттық құрамасы командалық есепте бірінші орынға ие болды. Бұл қуанышты жаңалықты Мәжіліс депутаты, Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Нартай Аралбайұлы бөлісіп, спортшыларға, жаттықтырушыларға және ұлттық құраманы қолдаған азаматтарға алғысын жеткізді. Осылайша, қазақ садақшылары халықаралық аренада тағы бір мәрте өз шеберлігін дәлелдеп, ұлттық спорттың мәртебесін биіктете түсті.

Жазылу