Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен «Қазақ-қырғыз ғылыми ынтымақтастығы: ортақ мүдделер мен ерекшеліктер» атты ғылыми-интеграциялық форум өтеді. Басқосу қазіргі геосаяси өзгерістер жағдайындағы қазақ-қырғыз қарым-қатынасының бүгінгі ахуалы мен болашақ даму бағыттарын саралауға арналмақ.
Форумның негізгі мақсаты – Орталық Азия кеңістігіндегі ғылыми, мәдени және гуманитарлық байланыстарды жаңа белеске көтеру. Сонымен қатар, бауырлас халықтардың ортақ тарихи-мәдени мұрасын зерттеудегі ынтымақтастықты нығайтып, өңірлік ықпалдастықтың өзекті мәселелері төңірегінде ашық пікір алмасу көзделіп отыр.
Форум аясында өңірлік қауіпсіздік, экономикалық әріптестік, көлік-логистикалық байланыстар, су және энергетика саласындағы өзекті мәселелер, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты дамыту перспективалары талқыланады. Пленарлық отырыстар мен тақырыптық пікірталастарда белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері баяндама жасап, ортақ мүдделерге қатысты ой-пікірлерін ортаға салады.
Басқосудың маңызды нәтижелерінің бірі ретінде Дала өркениетін зерттеу жөніндегі халықаралық консорциум құру туралы келісімге қол қою жоспарланып отыр. Бұл бастама түркі халықтарының тарихи мұрасын кешенді зерттеуге жол ашып, халықаралық ғылыми әріптестікті нығайтуға серпін береді.