АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер тығырыққа тірелді

АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер тығырыққа тірелді

фото: pexels.com

 Иранның жоғары көшбасшысының кеңесшісі Мохсен Резаи Вашингтон мен Теһран арасындағы ықтимал келісімнің тағдыры АҚШ әкімшілігінің Иранның 24 млрд доллар көлеміндегі бұғатталған активтерін босату туралы шешіміне байланысты екенін мәлімдеді, деп хабарлайды CNN телеарнасы.

Резаидің айтуынша, Теһран аралық келісімге қол қойылғаннан кейін бірден 12 млрд доллардың босатылуын күтеді, деп жазды ҚазАқпарат агенттігі. Иран тарапы қалған 12 млрд доллар кейінірек қайтарылады деп үміттенеді.

Жоғары лауазымды ирандық өкіл активтерді бұғаттан шығару екі ел арасындағы сенімнің сынағы екенін айтты. Ол бұл қаражаттың АҚШ көмегі емес, Иранға тиесілі ақша екенін ерекше атап өтті.

– Келіссөздер тығырыққа тірелді. Енді шешім Дональд Трампқа байланысты, – деді Резаи CNN арнасына берген сұхбатында.

Дереккөз мәліметінше, америкалық тарап қаражатты босату идеясын сақтықпен қарастырып отыр. Вашингтонда келіссөздер аяқталмай тұрып ақша беру АҚШ-тың ұстанымын әлсіретуі мүмкін деп есептейді.

Дональд Трамп әкімшілігі 2015 жылғы ядролық келісімнен де қатаң шарттарды көздейтін жаңа келісімге қол жеткізуге ұмтылып отыр. Ақ үй сондай-ақ Теһранға қаржылық жеңілдік жасалды деп қабылдануы мүмкін қадамдардан аулақ болуға тырысады.

Резаи қақтығыс қайта басталған жағдайда Иран әскери операциялар ауқымын едәуір кеңейтуге дайын екенін ескертті.

Оның сөзінше, ықтимал әрекеттер тек Парсы шығанағын ғана емес, Ормуз бұғазын, Үнді мұхитын, Баб-эль-Мандеб бұғазын, Қызыл теңізді және Жерорта теңізін қамтуы мүмкін.

Дональд Трамп пен Иранның жоғары көшбасшысы арасындағы ықтимал байланыстар туралы сұраққа жауап берген Резаи мұндай сценарий қазір қарастырылып жатпағанын айтты.

Оның сөзінше, келіссөздер процесі әлі бастапқы кезеңде болғандықтан, екі ел басшыларының кездесуі туралы айтуға ерте.

Бұған дейін Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади де Теһран АҚШ-пен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін шетелдегі бұғатталған активтерінің кемінде 50 пайызын бірден алуға үміттенетінін мәлімдеген еді.

Оның айтуынша, ирандық қаражатты бұғаттан шығару мәселесі Теһран мен Вашингтон арасындағы келіссөздердің негізгі тармақтарының бірі болып қала береді.

 

Материал ҚазАқпарат агенттігінен алынды. 
 

Жазылу