Халықаралық мәдени байланысқа серпін беретін жаңа жоба жайлы айта кетсек, қазақстандық әнші Рухия Байдүкенова биыл Қытайда өтетін «Silk Way Star» байқауында ел намысын қорғамақ. Өнер иесі бұл бастаманы екі ел арасындағы рухани ынтымақтастықтың айқын белгісі деп бағалады.
Рухияның айтуынша, жоба Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешені мен Қытайдың ірі медиа құрылымы — China Media Group бірлесіп ұйымдастырып отырған маңызды алаң. Әнші халықаралық дода түрлі мемлекеттен келген дарынды орындаушылардың басын қосып, халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністі тереңдете түсетінін атап өтті.
Сондай-ақ, ол бұл байқауға қатысуды зор сенім мен үлкен жауапкершілік деп қабылдайтынын жеткізді. Өйткені мұндай деңгейдегі сахна — қазақ мәдениетін, ұлттық өнерді әлемге кеңінен танытуға берілетін мүмкіндік.
Айта кетейік, танымал әнші Роза Рымбаева жас өнерпазға ақ жол тілеп, қолдау білдірген. Ал бұған дейін Астанада Қазақстан Президенті Телерадиокешені мен Қытай Медиа корпорациясы «Silk Way Star» халықаралық жобасын жүзеге асыру жөніндегі келісімге қол қойған болатын.
Біз де халықаралық байқауда ел абыройын асқақтатқалы отырған Рухия Байдүкеноваға сәттілік тілейміз. Әні шарықтап, қазақ өнерінің мерейін үстем ете берсін!