Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, өр рухты ақын Қасым Аманжолов:
«Дүниеге келер әлі талай Қасым,
Олар да бұл Қасымды бір байқасын…» — деп, өлеңге өмірін, өнерге жүрегін арнаған еді.
Қасым жырлары — қазақ рухының үні, сағынышы мен сыршылдығы, өрлігі мен өршілдігі. Ақынның отты жырларынан туған әндер де талай жүрекке жол тауып, талай көңілдің қоңыр әуеніне айналды.
Осы орайда, Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында 17 мамыр күні сағат 18:00-де Қасым Аманжолов шығармашылығына арналған “Қасымның әндері-ай” атты ән кеші өтеді.
Кеште қазақ өнерінің белгілі майталмандары — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлмира Ақүрпекова, Гүлбаршын Тергеубекова, Меруерт Түсіпбаева, Алма Аманжолова, Өмірқұл Айниязов және “Әсем қоңыр” тобы Қасым жырларына жазылған жүрекке жақын әндерді көрерменге тарту етпек.
Бұл — жай ғана концерт емес, қазақ поэзиясының аспанында мәңгілік жұлдыз болып жанған Қасым рухымен қауышатын сырлы кеш болмақ.