Ұлттық госпитальде «Гинекология саласы бойынша медициналық терминдерді біріздендіру» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Іс шараға ҚР денсаулық сақтау министрлігінің медициналық терминология комиссиясының төрағасы Б. Шакенов, филология ғылымдарының докторы, профессор Г. Орда, С. Ж. Асфендияров атындағы қазақ Ұлттық медицина университетінің неврология және қолданбалы нейроғылымдар ғылыми-білім беру орталығының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы А. Қондыбаева және осы білім ордасының Тілдік пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры міндетін атқарушы Т. Зайсанбаев, Абай атындағы ҚазҰПУ нің қауымдастырылған профессоры Г. Асқарова және аурухана дәрігерлері қатысты.
Кітап авторлары: Ұлттық госпитальдің Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі маманы, филология ғылымдарының кандидаты А.Өтен, аурухананың гинеколог-дәрігері, медицина магистрі Ш.Алиева, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ гистология кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор, Республикалық терминологиялық комиссия мүшесі М.Ерғазина.

Жиында Ұлттық госпитальдің директоры А.З.Бралов жинақты шығарған авторларды құттықтап, бұл кітаптың медицина саласына қосылған қомақты дүние екенін және ҚазҰМУ мен Ұлттық госпиталь арасындағы ынтымақтастықтың арқасында көптеген игі істер жасалып келе жатқанын айтты.
Әдістемелік құралда күнделікті жиі қолданылатын жекелеген медициналық сөздер мен терминдердің қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқалары берілген. Кітап студенттер мен магистранттарға, барлық емдеу мекемелерінің қызметкерлеріне арналаған. Бұл еңбек терминдер медицинаның іргелі пәндерінде , клиникалық пәндерде , денсаулық сақтау мекемелерінде де біркелкі қолданылсын деген мақсатта шығарылған.
-Біз студенттерге терминдерді қолдануды үйреткенмен ,олар оқулықта қалай жазылды солай қолданады. Сондықтан іргелі пәндерден бастап, ары қарай клиникалық пәндерге жалғастырып, медицина саласында жұмыс істегенде да сол терминдерді қолданғанын қалаймыз. Сол себепті тұңғыш рет осы істі қолға алдық. Алғашқы тәжірибемізді гинекологиядан бастадық. Ары қарай басқа салаларға да бет бұрамыз -дейді С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ гистология кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор Марал Ерғазина.

Осыған дейін елімізде жарық көрген 30 томдық сөздіктің 14- томы медицинаға арналған. Бірақ ол медицинаның салаларына бөлінбеген. Бұл жинақ сала бойынша қолға алынған алғашқы сөздік. ҚР тіл саясатын дамытудың 2023-29 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру мақсатында «ҚР Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі» мен «С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университеті» Мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту аясында студенттер, магистранттар мен қызметкерлерге қазақ тілінің негізін үйрете отырып, гинекология және гистология терминдерінің қолданыстағы бірізділігін меңгертуді көздеген. Басты мақсат – Мемлекеттік тілде іс жүргізу саласына нақты қолдау көрсете отырып, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту.
Ұлттық госпитальдің журналисі
Жазира Зәкірқызы.