ЕО саммиттеріне TikTok пен YouTube блогерлерін кіргізу ұсынылды

ЕО саммиттеріне TikTok пен YouTube блогерлерін кіргізу ұсынылды

фото: rexels.com

Еуроодақ TikTok пен YouTube платформаларындағы инфлюенсерлерді саммиттер мен жекелеген министрліктердің кездесулеріне қатыстыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Politico Брюссельдегі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

kaz.inform.kz жазғанындай, бастамаға сәйкес, TikTok пен YouTube өкілдері Брюссельдегі Еуроодақ кеңесінің штаб-пәтеріне кіре алады. Қазіргі уақытта бұл ғимаратта тек ЕО институттарында аккредитациядан өткен журналистер ғана жұмыс істейді.

Алайда инфлюенсерлер үшін маңызды шектеу қарастырылған. Оларға министрлер мен ЕО елдерінің басшыларына сұрақ қоюға тыйым салынады.

Дереккөздердің мәліметінше, Брюссельдегі ақпарат мәселелері жөніндегі жұмыс тобында жобаны талқылау дипломаттарды таңғалдырған. Кейбірі шілде айында басталатын Еуроодақ кеңесінің бұл бастамасына «қатты таң қалғанын» айтқан.

Атын жарияламауды сұраған дипломатиялық корпус өкілдерінің бір бөлігі мұндай шараларға блогерлерді тартудың практикалық пайдасын көрмейтінін мәлімдеді. Олардың пікірінше, инфлюенсерлер Еуроодақ кеңесінің құрылымы мен қызметін жеткілікті деңгейде түсінбеуі мүмкін.

Жоба Халықаралық баспасөз қауымдастығы тарапынан да сынға ұшырады. Ұйым өкілдері инфлюенсерлердің аккредитацияланған журналистерден айырмашылығы – «мақтау сипатындағы материалдарға кімнің ақы төлейтінін жариялауға міндетті емес» екенін атап өтті.

Бастама талқылау кезеңінің өзінде журналистика мен инфлюенсер мәдениетінің ара-жігі, сондай-ақ саяси процестерді жария етудегі ашықтық мәселелері жөнінде пікірталас туғызды.

 

Жазылу