Автомектептерге талап күшейеді

Автомектептерге талап күшейеді

фото: pexels.com

Автомектеп ашу енді оңай болмайды. Бұрын тек хабарлама жіберіп-ақ бизнес бастағандар үшін бақылау күшейіп, жүйе толық өзгермек. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы qazaqstan.tv сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сондай-ақ денсаулығы нашар адамдарға жүргізуші куәлігі берілмейді. Қазір елімізде 22 мыңнан аса адамның денсаулығы көлік жүргізуге жарамайды. Оларды көлік басқару құқығынан айыру тек сот процессімен шешіледі. Ал ол процесс айлап, жылдап ұзақ уақытқа созылады. Бұл өзінің де, өзгенің де өміріне тікелей қауіп. Парламент Мәжілісінде осы салаға қатысты заң жобасы қаралып, бірінші оқылымда мақұлданды. 

Қазір елімізде 727 автомектеп бар

Олар «хабарламалық» тәртіп бойынша жұмыс істейді. Яғни автомектепке рұқсат алудың қажеті жоқ. eGov порталы арқылы қызметтің басталғаны туралы хабарлама жіберу жеткілікті. Мемлекет оларды алдын ала тексермейді. Бақылау жүргізбейді. Енді талап күшеймек. 

Нартай Сарсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Нақты нормаларды атасам, көлік жүргізушілерін дайындаймын деген орталықтарға материалдық-техникалық базаның болуы міндеттеледі. Оқытушылардың біліктілігін растайтын құжат болуы шарт. Автомектептердің мемлекеттік реестрі жасақталады. Оқу деңгейін цифрлық технологияға иек артып, қатаң бақылау тетігі қалыптасады.

Нарық ақшаға қарық болған автомектептерден тазарады. Яғни «қағаз жүзіндегі автомектептер» дәуірі аяқталуға жақын.

Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Автомектептердің ішіне кіреберісте жеке бір QR-код тұрады бізде. Сен оған 8500 мың теңге төлеуге міндеттісің. Ол автомектепке де қатысы жоқ. Енді есептеңіздер, жылына шамамен 670 мың адам жүргізуші куәлігіне тапсырады. Әрқайсысы 8,5 мың теңгеден төлесе, бұл жылына 5,6 млрд теңге деген сөз. Бірақ сол 5,6 млрд теңге кімнің қалтасына кетіп жатыр? Бұл ақша Үкіметке де түспейді, бұл ақша ІІМ жүйесіне де түспейді. 

Енді рұқсат алған барлық автомектеп арнайы мемлекеттік тізілімге енгізіледі

Осы арқылы олардың жұмысы тұрақты бақылауда болады. Арнайы реестрді Ішкі істер министрлігі жүргізеді. Тағы бір маңызды өзгеріс. Енді денсаулығы жарамайтындарға жүргізуші куәлігі берілмейді.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Адамдар денсаулығы келмесе де көлік айдап жүреді. Жол ережесін бұзуы мүмкін, азаматтарға жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан осындай болмас үшін, біз екі ақпараттық жүйені біріктіруді көздеп отырмыз. Біреуі ІІМ, екінші Денсаулық сақтау министрлігі. Сол арқылы берілетін деректер арқылы жүргізушілердің куәлігі тоқтатылатын болады. 

Былтыр Абай облысының Үржар ауданында болған қайғылы оқиға ел есінде. Эпилепсиясы бар көлік жүргізушісінің жағдайы нашарлап, 6 баланы көлігімен қағып кетіп, оның 4-еуі қаза тапты. Мұндай жағдай қайталанбас үшін, өзгеріс енгізіліп отыр.

Самал Қабышева, тілші:

Бұл өзгерістердің мәні – жазаны күшейту емес, жүйені ретке келтіру. Жол қауіпсіздігі айыппұлмен емес, сапалы даярлық пен нақты бақылау арқылы қамтамасыз етіледі. Цифрландыру мен қатаң талаптар жауапкершілікті күшейтіп, басты мақсат – адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Заң жобасы әлі де Парламент Мәжілісінің қабырғасында талқыланып, қосымша толықтырулар енгізілуі мүмкін.

Жазылу