Астанада 8-10 мамыр күндері өтетін Qazaqstan Barysy Grand Slam 2026 әлемдік рейтингілік турниріне дзюдо спортының майталмандары қатысады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, елімізде төртінші рет ұйымдастырылғалы отырған жарыста Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайының татамиіне Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпиондары және әлемдік рейтингінің көшбасшылары шығады.
Олардың қатарында Рио Олимпиадасының чемпиондары Рафаэла Силва (Бразилия) мен Фабио Базил (Италия), Париж Олимпиадасында үздік шыққан әлемнің екі дүркін чемпионы Барбара Матич (Хорватия), үш мәрте әлем чемпионы, Grand Slam турнирлерінің он дүркін жеңімпазы Инал Тасоев бар. Сондай-ақ Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Ян Юн-Вэй (Тайбэй), Парижде екінші орын алған Уилльян Лима (Бразилия) мен Мириам Буткерейт (Германия), Парижде қолаға қол жеткізген, оған қоса әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевты (Қазақстан) және басқаларды айтуға болады.
IJF талаптарына сәйкес жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге әлемдік және Олимпиадалық рейтинг ұпайлары үлестіріледі. Атап айтқанда, чемпионға – 1000, күміс жүлдегерге – 700, үшінші орынға 500 ұпай беріледі.
Qazaqstan Barysy Grand Slam 2026 турнирінде спортшылар 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алуға мүмкіндік беретін маңызды ұпайлар жинайды.
Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) 2023 жылы қол қойған екіжақты келісімшартына сәйкес Қазақстан әлемдік Grand Slam жарысын 2026 жылға дейін қабылдайды. Ал 2027 жылы Астана дзюдодан әлем чемпионатын өткізеді. Бұл еліміздің ірі халықаралық жарыстарды тұрақты түрде қабылдап, әлемдік дзюдо картасындағы беделін нығайтып келе жатқанын айқындайды.
Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды.