Ардагерге құрмет – ел рухының өлшемі

Ардагерге құрмет – ел рухының өлшемі

фото: ura.news

         Жеңіс күні қарсаңында Қазақстанда Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне көрсетілген құрмет көпшіліктің ықыласын аударды. Биыл мемлекет тарапынан ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне, майдангерлердің отбасыларына біржолғы әлеуметтік төлемдер беріліп, бұл мақсатқа 3 миллиард 300 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.

         Қазір елімізде Ұлы Отан соғысының көзі тірі 57 ардагері өмір сүріп жатыр. Олардың әрқайсысына 5 миллион теңге көлемінде біржолғы көмек аударылған. Бұл – майдан даласында ерлік көрсеткен аға буынға деген ел алғысының айқын көрінісі.

         Қаржы сарапшыларының айтуынша, Қазақстандағы бұл төлем көлемі көршілес мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Мәселен, Өзбекстанда ардагерлерге шамамен 1 миллион теңге көлемінде көмек берілсе, Беларусь елінде бұл көрсеткіш 700-800 мың теңгенің айнасында. Ал Ресейде федералдық және аймақтық төлемдерді қосқанның өзінде Қазақстандағы деңгейге жете бермейді.

         Сарапшылар мұны ардагерлерге деген ерекше құрметтің белгісі деп бағалап отыр. Себебі майдангерлердің ерлігі – бүгінгі бейбіт өмірдің берік іргетасы. Олардың әрбір тағдыры – тұтас бір тарих, әрбір естелігі – кейінгі ұрпаққа аманат.

         Мамырдың мерекелі күндері тек қуаныш пен салтанат емес, өткенге тағзым жасап, ерлікке бас июдің де сәті. Батыр буынның жанқиярлығы ешқашан ұмытылмайды, ал оларға көрсетілген құрмет – елдік пен адамдықтың айғағы.

Жазылу