Соңғы жылдары елімізде аллергиялық аурулардың өсуі дәрігерлердің назарын күшейтіп отыр. Әсіресе ауыр өтетін аллергиялық асқынулар мен балалар арасындағы жағдайлардың жиілеуі мамандарды алаңдатуда.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бронх демікпесі, аллергиялық ринит, атопиялық дерматит, тағамға және дәрілік препараттарға аллергиялық реакциялар, сондай-ақ есекжем сияқты дерт түрлері соңғы жылдары жиі тіркеліп келеді. Бұл тек Қазақстанға ғана емес, әлемдік деңгейде байқалып отырған үрдіс.
Соңғы үш жыл ішінде жедел аллергиялық жағдайлармен ауруханаға жатқызу көрсеткіші шамамен 1,5 есеге артқан. Әсіресе балалар арасындағы аллергиялық сырқаттардың көбеюі, бронх демікпесінің жиілеуі, дәрі-дәрмекке жоғары сезімталдық пен анафилаксия жағдайлары мамандарды ерекше алаңдатып отыр.
Министрлік деректерінде анафилактикалық шок, Стивенс–Джонсон синдромы және Лайелл синдромы сияқты ауыр аллергиялық реакциялар да соңғы уақытта жиірек кездесетіні атап өтілген. Мұндай асқынулар көбіне жас және еңбекке қабілетті жастағы азаматтар арасында тіркеледі.
Жалпы алғанда, дамыған елдерде халықтың шамамен 20 пайызы аллергиялық ринитпен өмір сүреді. Ал тағамдық аллергия ересектердің 10 пайызына, балалардың 8 пайызына дейін әсер етеді. Сонымен қатар атопиялық дерматит кей жағдайда өмір бойы халықтың 20 пайызына дейін кездесуі мүмкін.