Осыған орай ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.
Министр мәдениеттің қоғамдағы рөліне ерекше тоқталып, оны мемлекеттіліктің рухани тірегі ретінде сипаттады. Мәдениет – мемлекеттілігіміздің рухани тірегі, халқымыздың тарихи санасы мен ұлттық болмысының айқын көрінісі. Қоғамды ортақ құндылықтар төңірегіне ұйыстырып, елдің рухани тұтастығын бекемдейтін қуатты күш, – деді Аида Балаева.
Аида Балаева жаңа кезеңде мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын, шығармашылық саланы қолдау және инфрақұрылымды жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Президент тапсырмасына сәйкес бірқатар жетекші мәдениет мекемелеріне «Ұлттық» мәртебе беріліп, олардың дамуына жаңа мүмкіндік ашылған. Сондай-ақ соңғы жылдары 61 мәдениет нысанының құрылысы басталып, 252 нысан жөнделген. Биыл тағы 64 нысанның құрылысы жалғасуда.
Цифрландыру бағытында E-Museum платформасы іске қосылып, 284 музейді біріктірген. Жүйеде 65 мыңнан астам жәдігер мен 750-ге жуық 3D-артефакт қамтылған.
Министр мәдениет саласының бүгінде ашық әрі жаңашыл бағытта дамып келе жатқанын атап өтіп, еліміздің барлық өңірінен 600 мәдениет қызметкері қатысқан «Мәдениет және инновация» форумы саланың жаңа мүмкіндіктерін айқындағанын жеткізді.
Құттықтауда мәдениет және өнер саласы мамандарының еңбегі ерекше аталып, олардың ел руханиятын дамытуға қосқан үлесіне алғыс айтылды.
Министр барлық мәдениет және өнер қызметкерлеріне зор денсаулық, шығармашылық табыс және амандық тіледі.
https://24.kz/kz/