Қуыршақ театры Шекспир сахнасын бағындырмақ: қазақ тіліндегі «Ромео мен Джульетта» Еуропаны таңғалдырмақ

Қуыршақ театры Шекспир сахнасын бағындырмақ: қазақ тіліндегі «Ромео мен Джульетта» Еуропаны таңғалдырмақ

фото: Қазақстанның Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры

       Қазақстанның Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры әлемдік мәдени кеңістікте тағы бір тарихи қадам жасамақ. Ұлттық өнердің қарашаңырағы алғаш рет Румынияның Крайова қаласында өтетін халықаралық беделді «The Craiova International Shakespeare Festival» сахнасында өнер көрсетеді.

       Бұл фестиваль – 1994 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан, Шекспир мұрасын жаңа қырынан танытуды мақсат еткен Еуропадағы ең ірі театр алаңдарының бірі. Әлемнің 50-ден астам елінен келген шығармашылық ұжымдарды біріктіретін бұл мәдени шара халықаралық тәжірибе алмасудың маңызды орталығына айналған.

       Қазақстандық театр ұжымы бұл фестивальге кездейсоқ келген жоқ. 2025 жылы Францияның Авиньон қаласында өткен «Off Avignon» халықаралық фестивалінде үздік екі театрдың бірі атанып, Крайова сахнасына жолдама алған болатын. Бұл — қазақ қуыршақ өнерінің кәсіби деңгейін әлем алдында дәлелдеген маңызды жетістік.

       Фестиваль аясында театр Уильям Шекспирдің әйгілі «Ромео мен Джульетта» трагедиясын қазақ тілінде, ұлттық нақышпен үйлестірілген ерекше интерпретацияда ұсынбақ. Дәстүр мен заманауи режиссураны ұштастырған бұл қойылым классикалық шығарманы жаңа қырынан ашып, көрерменге тың әсер сыйлауды көздейді.

       Айта кету керек, аталған спектакль бұған дейін де халықаралық деңгейде жоғары бағаланған. Ол Франциядағы «Off Avignon» фестивалінде үздік атанып, Канададағы Оттава қаласында өткен халықаралық қуыршақ театрлар фестивалінде және Болгарияның Варна қаласындағы «Алтын дельфин» фестивалінде Гран-при жеңіп алған. Сонымен қатар, түрлі елдердегі беделді театр байқауларында арнайы номинациялар мен марапаттарға ие болған.

       Ғасырға жуық тарихы бар театр ұжымының бұл сапары — қазақ мәдениетінің жаһандық деңгейдегі беделін арттырып, ұлттық өнердің жаңа белесін айқындайтын маңызды оқиға. Енді қазақ тілінде сөйлейтін Шекспир кейіпкерлері Еуропа көрерменін баурап алмақ.

 Камшат Молдабай

 

 

Жазылу