Таяуда Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» ғимаратында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясында Ғылым қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, табысты өтті.
Іс-шараның мақсаты – отандық ғылымның жетістіктерін насихаттау, ғылыми қауымдастықтың әлеуетін көрсету және ғылымның қоғамдағы рөлін арттыру.

фото: Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы
Салтанатты жиынға Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, жетекші ғалымдар, жас зерттеушілер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Шара аясында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Ғалымдар аллеясына» ағаш көшеттері отырғызылды. Бұл бастама ғылым мен табиғаттың үйлесімділігін айқындайтын маңызды символдық қадам ретінде бағаланды.
Іс-шара барысында академиктер мен ғалымдар ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін ұсынып, медицина, биотехнология, археология, генетика және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру бағыттарындағы өзекті мәселелер бойынша мазмұнды баяндамалар жасады.

фото: Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы
Сонымен қатар, отандық ғалымдар мен өнертапқыштардың ғылыми жетістіктері ұсынылған ғылыми-танымдық көрме ұйымдастырылды. Көрмеде инновациялық жобалар, жаңа технологиялар және «Ғылым қоры» АҚ гранттық бағдарламалары аясында жүзеге асырылған өнімдер кеңінен таныстырылды.
Іс-шара қорытындысында ғылым саласының дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар мен жас зерттеушілер ведомстволық наградалармен марапатталды.

фото: Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы
Аталған салтанатты жиын еліміздің ғылыми қауымдастығы үшін маңызды алаңға айналып, ғылымның мемлекет дамуы жолындағы стратегиялық рөлін тағы бір мәрте айқындады.