"Бақытты ғұмыр" кітабының таныстырылымына келіңіз!

"Бақытты ғұмыр" кітабының таныстырылымына келіңіз!

фото: Сапалы Қазақстан

2026 жылдың 18 сәуірінде Алматы қаласының “Alatau Creative Hub”-та бақытты, бай қуатты ұзақ ғұмыр сүрудің және жетістікке жетудің құпиясы туралы баяндайтын 2-томдық «Бақытты ғұмыр» кітабымның тұсаукесері өтеді, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.

Кітап авторы - экономист Ғалымжан Керімбек. Бұл кітап – жазбагердің ұзақ жыл бойы жиған-тергені әрі маңдай терінің жемісі. 

"Бақытты ғұмыр" кітабының таныстырылымы 18 сәуір күні  
сағат 10:00-де  Нұркент шағынауданы, 5/11 мекен-жайында басталады.

Фото: Ғалымжан Керімбектің жеке мұрағатынан.

- Әкем мен анамның ғибратқа толы еңбек жолы, бізге үйреткен үлгі-өнегесі мен тәлім-тәрбиесі. Алланың тағдырыма жазған бірнеше сынағынан өткен кездегі кеткен кемшілігім мен жеткен жетістігімнің нәтижесі. Сонымен қатар, басымнан өткен, өзімнің көзбен көріп, куә болған өмірдің кейбір сәті бұйыртқан нақты әрекет, тағдырлы тәжірибе, дейді Ғалымжан Есқараұлы.

Заман зуылдап, адам дуылдаған аласапыран, асығыс уақытта КІТАП – айнымас дос, ажырамас сырлас болар.

Қолыңыздағы жаңа кітап жан-дүниеңізді сергітіп, пайым-парасатыңызға салиқалы сипат берер.

Күнделікті өмірдегі әр түрлі күрмеулі мәселе мен түсініксіз тылсымға жауап беріп, терең құпиялы сандықтың құлпын ашар.

Өмір – өзінің өзекті қиындығына қарамай, әрбір адамға берілген БАҚЫТТЫ БОЛУдың мүмкіндігі.

Фото: Әкім Ысқақтың жеке мұрағатынан.

- Экономист әрі қаламгер, өмірлік тәжірибесі бар Ғалымжан Керімбектің өзін бақытты адам деуге болады. Бұл ұзақ жылғы еңбектің нәтижесі. Ең бастысы – ниет еткен, алға қойған мақсатына қол жеткізді. Ол өздігінен келген жоқ, ізденудің арқасы, өзін бағындырғанның арқасы. Оны іздеген нәрсесін өз жүрегінен таба білді. «Менің мұрат-мақсатым – адамзат баласының өмірде терең мағыналы білім алумен қатар озық ойлы азаматты сапалы білім және саналы тәрбие алуға бейімдеуге ұмтылу» дейді кітап авторы. Бұл айтары бар адамның сөзі. Түрлі тақырыпты қамтыған жинақтан бақытты болуды ұлттық сана мен ұлттық тәрбиеге, құндылықтарға, ата-ана сөзіне терең мән беруден басталатынын жазабалардан анық ұғасың. Өзінің де отбасынан алған ұлағаттың, баланың ішкі сезімін жеткізе білуге баулудың маңыздылығына тоқталады, деп атап өтті жаңа кітаппен танысқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тұңғыш қазақ тіліндегі заңның авторы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Әкім Ысқақ.

 Жазбаны қазақтың жеті атасының киесінен бастайды. Тарихтан, шежіреден қозғайды. Ата-анасы туралы естеліктер айтады. 

- "Бақытты ғұмыр" кітабында ата-ана қадірі туралы көп айтылады. Кім болсаң ол бол, оларға деген перзенттік мхаббатыңды барынша арттыруға тиіссің дейді. «Өзіңді өзің танысаң – істің басы» деп Шәкәрім айтқандай түрлі жағдайларды шешуге, өз ойын ашық айтуға, адами қарым-қатынас жасауға үйретеді. Ата-анаңның көзінше шаршаңқы түр көрсетпеу, ата-анаңның көзінше немересіне жекімеу, қайта қуандыру үшін өмір сүруге талпындырады. Мәселен, қарапайым ғана тірліктер, анаңызды бетінен сүю, әкеңізді құшақтап қою өміріңіздің бір бөлшегіне айналуға тиісті. Ата-ананың өмірдегі ең басты және аса қымбат жан екенін көрсету – олардың да өмірін ұзартады. Жақсы сөз айту парыз. Өйткені ешкім де мәңгілік емес, деп жазыпты Әкім Ысқақ.

«Бақытты ғұмыр» 2 томнан тұрады. Біріншісі 400 беттей болса, екіншісі 400 беттен асып кеткен. Зер салғанға үлгі алар, өнеге алар жәйттер аза емес. Бұрын экономикалық кітаптар жазса, бүгін қазақи тәрбиеге ден қоюы, атадан балаға дарыған қасиетті қабілеттің арқасы дер едім. Бұл кітапты бақыттың бастауына жол деген дұрыс. Сонымен «бақытты ғұмыр не?» Бұл сауалға кітап ұлттық құндылықты сақтау, ата-ананың қадірін білу, өзің де жақсы ата-ана, жақсы адам болуға ұмтылу, әрбір қадамыңа ұқыпты болу екенін ұғасың!

Алматы қаласы, 18 сәуір, сағат 10:00. Нұркент шағынауданы, 5/11. Келіңіздер! 

 

Жазылу