Атбасар музейінде Сәкен Сейфуллинге арналған жаңа көрме ашылды

Атбасар музейінде Сәкен Сейфуллинге арналған жаңа көрме ашылды

фото: https://e-history.kz

       Көрменің негізгі мақсаты – қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақын әрі жазушы Сәкен Сейфуллиннің өмір жолын, әдеби мұрасын және қоғамдық қызметін жан-жақты таныстыру. Экспозиция аясында келушілерге ақынның жеке заттары, тұрмыстық бұйымдары, сирек кітаптары, тарихи құжаттары мен фотосуреттері ұсынылған. Бұл құнды жәдігерлер арқылы көрермендер ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының тарихи-әлеуметтік ахуалын тереңірек түсінуге мүмкіндік алады.

       Көрме үш бөлімнен тұрады: «Сәкен Сейфуллиннің өмір жолы», «Сәкен Сейфуллиннің қызметі» және «Сәкен Сейфуллиннің мұрасы». Әр бөлімде ақынның балалық шағынан бастап, ел өміріндегі белсенді қызметі мен шығармашылық жетістіктеріне дейінгі кезең қамтылған. Сонымен қатар оның отбасы, тұрмысы мен қоғамдық қызметіне қатысты деректер де кеңінен көрсетілген.

       Көрме кураторы Нұрсерік Жолбарыс мұндай жобалардың тарихи сананы қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылған жәдігерлер бір тұлғаның тағдыры арқылы тұтас дәуірдің рухани келбетін танытуға мүмкіндік береді. Бұл бастама жас ұрпақтың ұлттық тарихқа деген қызығушылығын арттырып, мәдени мұраға құрметін күшейтеді.

       Ал ашылу салтанатында сөз сөйлеген тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Абсеметов мұндай көрмелердің маңыздылығына тоқталды. Ол Сәкен Сейфуллиннің қысқа ғұмырында ел дамуына қосқан зор үлесін атап өтіп, оның өмір жолы кейінгі ұрпақ үшін құнды өнеге екенін жеткізді. Сондай-ақ, Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейінің қорынан іріктелген бірегей экспонаттардың алғаш рет Атбасарда қойылып отырғанын айтты.

       Аталған көрме Атбасар қаласында 30 сәуірге дейін жалғасады. Кейін экспозиция Талдықорған және Орал қалаларында көпшілік назарына ұсынылмақ.

       https://kaz.inform.kz/

Жазылу