Әрбір сәтім есімде...

Әрбір сәтім есімде...

фото: Ұлттық госпиталь

       Бүгін Ұлттық госпитальдің кардиоваскулярлық бөлімшесіндегі операция жасау кабинетінде ұзақ жылдық еңбектің бір белесі қорытындыланды. Ақ халатты абзал жан, тәжірибелі мейірбике Гүлзина Акимбекова зейнеткерлік демалыс алдындағы соңғы кезекшілігін өткізді. Қырық төрт жылын медицина саласына арнаған маман үшін бұл сәт – тек қызметтің аяқталуы емес, сан мыңдаған тағдырмен тоғысқан өмір жолымен қоштасудың толқулы кезеңі.

       Еңбек жолын мектептен кейін-ақ медицинамен байланыстырған ол алғашқы қадамын №12 орталық клиникалық аурухананың жедел операция жасау бөлімінде бастаған. 1982–1985 жылдары Алматы медициналық колледжінде білім алып, мейірбике мамандығын игерді. Кейін қаладағы №7 клиникалық аурухана ашылғанда операция бөлімшесіне жетекші маман ретінде шақырылып, кәсіби біліктілігін жаңа деңгейге көтерді. Ал 1993 жылдан бері Ұлттық госпиталь қабырғасында табан аудармай еңбек етіп келеді. Қызметпен қатар білімін жетілдіруді де назардан тыс қалдырмай, 2002–2004 жылдары «мейірбике ісі» мамандығы бойынша академиялық бакалавр дәрежесін алды.

       Енді көп жылдық тәжірибесі бар маманның өзінен, еңбек жолы мен жүрекке жақын естеліктері туралы сұрап көрелік.

       Мейірбике дәрігердің ең сенімді көмекшісі ғой. Қызмет барысында қандай ерекше сәттер есіңізде қалды?

       -Қызмет барысында есте қалатын жағдайлар өте көп. Ұлттық госпитальде тұңғыш рет лапароскопия арқылы операция жасаған  медицина ғылымдарының докторы Н.Қазыбаевпен, профессор С.Байжановпен осындай тарихи сәтті бірге өткізгенім мәңгі есімде қалды. Сондай-ақ академик М.Әлиевпен, профессор Т.Сұлтанәлиевпен, Е.Айдарханұлы сынды дәрігерлерден үйренгенім көп. Ұрпақтар сабақтастығы десек, менің маман болып қалыптасуымы осындай азаматтар  үлкен үлес қосты. Мен ұстаздардан жолы болған адаммын.

       Медицина қарқынды дамып, жаңа технологияларды қолдану барысы мамандардан біліктілікті талап етеді. Өзіңіз осыған  қандай ой қосасыз?

       -Мен  өзім  жұмыс істейтін бөлімшеде кардиовакулярлық, эндоваскулярлық интервенцияда ренген сәулесі арқылы ота жасау тәсілдерін  меңгердім.  Бүгінгі күні Д.Маханов, С.Төлеуханұлы, Е.Салаватұлы сынды әріптестерімен бірге талай адамды ажалдан арашалап қалсақ,  артимология отасында Р.Реквава, Г.Маратқызы секілді жоғары санатты дәргерлермен қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз. Мамандығымды ерекше жақсы көремін.  Адал еңбек әрқашан бағасын алады ғой. РҚ Президенті іс басқармасының 30 жылдығына орай  арнайы  төсбелгімен марапатталдым. Талай жасқа білгенімді үйретіп, тәжірибемді  ортаға салудан шаршағған жоқпы. Зейнеткерлік демалысқа ұжым зор  құрметпен шығарып салды.

       Зейнеткер мейірбикенің ендігі жоспарын білсек...

       -Ендігі жоспарым -  бала-шаға, немерелеріме көбірек көңіл бөлу.  Достарыммен саяхатқа шығамын. Елімізді  аралап, тамаша табиғат пен тарихи орындардан ләззат алсам деймін.  Таңы бір мақсатым- шет елдерге сапарлап,  таным көкжиегімді одан әрі кеңейту.  Ал, Ұлттық госпиталь ұжымы менің мәңгі жүрегімде қалады-дейді Г.Тұралықызы.

       Ұлттық госпитальдің журналисі Жазира Зәкірқызы

 

 

Жазылу