Ақ халаттың ар жағындағы күй: дәрігерлердің ішкі әлемі

Ақ халаттың ар жағындағы күй: дәрігерлердің ішкі әлемі

фото: Ұлттық госпиталь

       Науқасқа шипа сыйлайтын дәрігерлердің еңбегі – аса жауапты әрі күрделі. Олар күн сайын адам өмірі үшін күресіп, үлкен психологиялық және физикалық жүктемені көтереді. Алайда, көп жағдайда олардың өз денсаулығы мен ішкі күйі назардан тыс қалып жатады. Осы мәселе төңірегінде Ұлттық госпитальдің психолог маманы Мәншүк Құрманбековамен сұхбаттасқан едік.

       – Медицина қызметкерлері күнделікті қандай қиындықтармен жиі кездеседі?
       – Денсаулық сақтау саласында жұмыс істеу үнемі сергек болуды, дәлдік пен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қызметкерлер қатаң ережелерді сақтай отырып, күрделі шешімдер қабылдайды және қалыптасқан басқару жүйесіне бағынады. Мұның барлығы ішкі шиеленіс пен эмоционалдық қысымды арттырады.
Күн ұзақ науқастарға көңіл бөліп, әріптестермен тығыз байланыста жұмыс істеген маман кешкісін отбасына, демалысқа уақыт табуға тырысады. Осындай қарбалас өмір ырғағы ұйқы мен қалпына келу тәртібін бұзып, уақыт өте шаршау мен мазасыздықты күшейтеді. Бұл – эмоционалдық күйіп кетудің басты алғышарттарының бірі.

       – Жұмыстың жоғары жауапкершілігін сезіну қаншалықты маңызды?
       – Әр адам өз еңбегінің маңызын сезінуі керек. Медицина қызметкерлері күн сайын көптеген жанға көмек көрсетеді. Алайда кейде олардың еңбегі еленбей қалатындай әсер қалдырады. Мұндай жағдай мотивацияны төмендетіп, ішкі күйзелісті арттыруы мүмкін.

       Сондықтан рефлексия жасау, жетістіктерді бөлісу, әріптестер арасында қолдау көрсету – өте маңызды. Адам өз ісінің құндылығын сезінген кезде қиындықтарды еңсеру де жеңілдейді.

       – Күйзеліс қызметкерлердің денсаулығына қалай әсер етеді?
       – Ұзаққа созылған күйзеліс тек психикаға ғана емес, денеге де ықпал етеді. Бұлшықет кернеуі, ауырсыну, ұйқысыздық сияқты белгілер – соның айғағы. Бұл – ағзаның табиғи қорғаныс реакциясы.
Мұндай жағдайда жеңіл физикалық белсенділік, психологиялық қолдау, қажет болса, кәсіби терапия көмектеседі. Ең бастысы – ағзаның берген белгісін елемеу қауіпті.

       – Сын мен сыртқы қысымның әсері қандай?
       – Үздіксіз сын мен қысым қызметкердің эмоционалдық жағдайын әлсіретеді. Адам күйзелісті бастан кешкен кезде мидағы қауіп пен алаңдаушылыққа жауап беретін аймақтар белсенді жұмыс істейді. Сонымен қатар кортизол мен адреналин деңгейі жоғарылайды.
Бұл жағдай ұзаққа созылса, тұрақты шиеленіске ұласады. Тіпті ең төзімді мамандардың да шегі бар, бұл – қалыпты құбылыс.

       – Шаршау – әлсіздіктің белгісі ме?
       – Жоқ, шаршау – әлсіздік емес. Бұл – ағзаның ұзақ күйзелістен кейін қалпына келуді қажет ететінін білдіретін табиғи белгі.
Қарбалас жұмыс, жоғары жүктеме және әлеуметтік факторлар шаршауды күшейтеді. Мұны түсіну адамның өзіне деген көзқарасын өзгертіп, өзін кінәламауына көмектеседі.

       – Эмоционалдық күйдің нашарлау қаупін қалай азайтуға болады?
       – Біріншіден, өз эмоцияңызды мойындау маңызды. Жақындарыңызбен немесе әріптестеріңізбен ашық сөйлесу ішкі қысымды азайтады.

       Екіншіден, ұйқы мен дұрыс тамақтану режимін сақтау қажет. Кешкі уақытта гаджеттерді шектеу де пайдалы.
Үшіншіден, ұйым тарапынан қолдау – үлкен рөл атқарады: жұмыс жүктемесін реттеу, үзілістер, психологиялық көмек.
Сондай-ақ психотерапия арқылы жеке шекараларды қалыптастыру мен эмоцияны басқару дағдыларын дамыту маңызды.

       – Қызметкерлерге қандай кеңес берер едіңіз?
       – Науқасқа қалай қамқор болсаңыз, өзіңізге де дәл солай қараңыз. Қысқа үзілістер жасап, демалуға уақыт табыңыз. Тіпті 10 минуттық тыныштық, таза ауада серуендеу немесе тыныс алу жаттығуларының өзі күйзелісті азайтып, ішкі тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.

Сұхбаттасқан: Ұлттық госпитальдің журналисі
Жазира Зәкірқызы

Жазылу