фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/Gorlovkv
2025 жылы елімізде автомобиль жолдарының жобалануынан бастап пайдалануға берілуіне дейінгі барлық кезеңдер бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты кешенді сыртқы талдау жүргізілді. Тексеру нәтижесінде өңірлердегі жол жобалары бойынша сметалық құнның шамамен 11 млрд теңгеге негізсіз көбейтілгені анықталды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі хабарлады.
Зерттеу барысында жол саласының жоспарлау, құрылыс жұмыстарын жүргізу және техникалық бақылау жүйесінде бірқатар жүйелі мәселелер бар екені белгілі болды. Осы кемшіліктерді жою үшін 80-нен астам ұсыныс әзірленген.
Агенттік дерегіне сәйкес, тексеру кезінде 362 жобалық-сметалық құжаттаманың өзектілігін жоғалтқаны анықталды. Оларға бұған дейін шамамен 23 млрд теңге жұмсалған. Сонымен қатар жалпы құны 27 млрд теңгені құрайтын 324 нысанның міндетті мемлекеттік сараптамадан өтпегені белгілі болды.
Бұдан бөлек, 70 компанияның жалпы сомасы 408 млрд теңгеге жуық келісімшарттарға қол жеткізу үшін жұмыс тәжірибесіне қатысты жалған ақпарат бергені тіркелді.
Ұсыныстарды жүзеге асыру аясында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес автомобиль жолдары нысандарында техникалық және авторлық бақылау жүргізетін мамандар мемлекеттік функцияларды атқаратын тұлғаларға теңестірілді.
Сонымен бірге Ұлттық жол активтері сапасы орталығы анықтаған ескертулер толық жойылмайынша, жаңадан салынған жолдарды пайдалануға беру мүмкін болмайды.
Жол саласын цифрландыру мақсатында жол-құрылыс материалдарының бірыңғай ақпараттық базасы іске қосылды. Бұл жүйеде карьерлердің сипаттамаларынан бастап зертханалық тексеру нәтижелеріне дейінгі мәліметтер ашық түрде ұсынылады.
Жаңа платформа деректерді бір орталыққа жинақтап, құрылыс материалдарының сапасы туралы ақпаратты бұрмалау немесе өндірушілердің мүдделерін қорғау сияқты тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, қабылданған шаралар 2026 жылы жоспарланған 360 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын ашық әрі тиімді пайдалануға жағдай жасайды.
Айта кетейік, бұған дейін агенттік ғылым мен білім беру саласына жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау кезінде де бірқатар мәселелерді анықтаған болатын.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через