фото: https://www.google.com/url egemen.kz
Алматы қаласындағы Ғылым ордасында Халықаралық әйелдер күні қарсаңында отандық ғылым үшін мәні зор тағылымды шара өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы алғаш рет қазақстандық әйел-ғалымдарға арналған академик Нәйлә Базанова атындағы арнайы марапатты салтанатты түрде табыстады.
Атаулы рәсімге еліміздің ғылым саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген жетекші әйел-ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғылыми ұйымдардың басшылары қатысты. Бұл бастама ғылымдағы әйелдердің еңбегін дәріптеп, олардың жетістіктерін кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.
Марапат аты берілген Нәйлә Оразғұлқызы Базанова — Қазақстан мен Орталық Азиядағы тұңғыш әйел-академик. Ол ауыл шаруашылығы жануарлары физиологиясы атты жаңа ғылыми бағыттың негізін қалаған көрнекті ғалым.
Ғалым ірі қара малдың ас қорыту ерекшеліктерін, төлдің өсуі мен физиологиясын зерттеп, ғылымға тың жаңалықтар енгізді. Жануарлар ағзасындағы париетальды, яғни мембраналық ас қорыту механизмін алғаш дәлелдеп, мал шаруашылығы ғылымының дамуына зор үлес қосты.
Нәйлә Базанованың ғылымдағы еңбегі жоғары бағаланып, ол Қазан төңкерісі, Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
Ғылымдағы әйелдердің жетістігін айшықтайтын бұл марапат — жас зерттеушілер үшін де үлкен ынталандыру.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через