WhatsApp

Аспанға оралған еркіндік: Саудиялық сұңқаршылар Қазақстанда сирек құстарды табиғатқа жіберді

Аспанға оралған еркіндік: Саудиялық сұңқаршылар Қазақстанда сирек құстарды табиғатқа жіберді
фото: suret.pics

       Алтын Емелде ителгілер табиғатқа қайта ұшырылды.

       Алматы облысындағы «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жойылып бара жатқан ителгілерді табиғи ортасына қайтару шарасы өтті. Іс-шара Сауд Арабиясының Сұңқарлар клубы жүзеге асырып отырған халықаралық «Haddad» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

       Жоба сирек кездесетін сұңқар тұқымдас құстардың санын арттыруға және олардың табиғи мекенінде қайта көбеюіне жағдай жасауға бағытталған. Мамандардың айтуынша, «Алтын Емел» аумағы ашық ландшафты мен қорек қорының молдығына байланысты ителгілер үшін ең қолайлы өңірлердің бірі болып саналады.

       Салтанатты рәсімге қатысқан Сауд Арабиясы Сұңқарлар клубы өкілдері бұл бастаманың негізгі мақсаты – жойылу қаупі төніп тұрған жыртқыш құстардың популяциясын қалпына келтіру екенін атап өтті. Бағдарлама аясында тек Таяу Шығыста ғана емес, Қазақстан сияқты серіктес елдерде де ителгі мен сапсанды қайта жерсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

       Қазақстан тарапы да бұл жобаны экология саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызды үлгісі ретінде бағалады. Ресми тұлғалар мұндай бастамалар табиғи тепе-теңдікті сақтауға және биоалуантүрлілікті қорғауға зор үлес қосатынын айтты. 

       «Алтын Емел» ұлттық паркінің басшылығы ұшырылған құстардың алдағы уақытта тұрақты бақылауда болатынын жеткізді. Мамандар олардың бейімделу кезеңін, көбеюін және қауіпсіздігін арнайы мониторинг арқылы қадағалайды.

       Іс-шараға Сауд Арабиясының Қазақстандағы елшілігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Ұлттық жабайы табиғатты дамыту орталығы мен Зоология институтының өкілдері қатысты.

       Сарапшылардың пікірінше, мұндай жобалар сирек кездесетін құстарды сақтап қалуға ғана емес, халықаралық табиғат қорғау бастамаларын нығайтуға да ықпал етеді. Ал «Алтын Емел» аспанына қайта қалықтаған ителгілер – осы ынтымақтастықтың нақты нәтижесі.

       https://kaz.inform.kz/