фото: orda.asia/этно-проект Орда
Наурызнама тұжырымдамасына сәйкес әрбір атаулы күн ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталып отыр. Соның бірі – бүгінгі Ұлттық киім күні.
Бұл күн қазақтың дәстүрлі киімін дәріптеп қана қоймай, оны заманауи өмірмен ұштастыру, ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызды тетігіне айналып келеді. Kazinform тілшісі ұлттық киімнің бүгінгі мәні мен оның сән индустриясындағы орнына талдау жасап көрді, деп жазды kaz.inform.kz.
Ұлттық киім: болмыс бедері мен рухани код
Қазақ дүниетанымында киім – жай ғана тұрмыстық бұйым емес, ұлттың ішкі болмысын танытатын айрықша белгі. «Адам көркі – шүберек» деген сөздің астарында сыртқы келбеттен бұрын, адамның қоғамдағы орны мен мәдени деңгейін аңғартатын терең мән жатыр. Сондықтан ұлттық киім – тек сәндік элемент емес, ол – ұлттың рухани коды, тарихи жады мен танымының көрінісі.
Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі киім үлгілері халықтың өмір салтымен, табиғатпен байланысымен және дүниені қабылдау ерекшелігімен тығыз сабақтас. Киімдегі әрбір өрнек, әрбір түс пен пішін – кездейсоқ таңдау емес, белгілі бір мағынаға ие таңба. Зерттеушілер мұны халықтың «тілсіз тарихы» деп атауы да тегін емес. Өйткені киім арқылы өткеннің ізі, танымның табы, тұрмыстың тынысы айқын аңғарылады.
Тарихқа үңілсек, адамзат баласы әуелде табиғаттың ықпалынан қорғану үшін аң терісін жамылып, жүннен жіп иірген. Уақыт өте келе бұл қажеттілік мәдени сипат алып, киім әлеуметтік, рухани мәнге ие болды. Әр халық өз болмысына сай киім үлгілерін қалыптастырып, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізді.
Фото: Баяхмет Жұмабайұлының жеке мұрағатынан
Этнограф Баяхмет Жұмабайұлының сөзінше, ұлттық киім – кез келген халықтың өзіндік болмысын айқындайтын маңызды белгі, деп жазды kaz.inform.kz..
— Ұлт бар жерде ұлттық киім бар. Киім – сол халықтың өмір салты мен дүниетанымының айнасы. Адамзат тарихында адамдар әуелі жапырақтан, аң терісінен киім жасағаны белгілі. Кейін келе киім ұлттың танымалдылығы мен мәртебесін айқындайтын белгіге айналды, — дейді этнограф.
Оның айтуынша, қазақтың дәстүрлі киімдерінің ерекшелігі, ең алдымен, оның ою-өрнектерінен көрінеді. Бұл өрнектер тек сәндік қызмет атқарып қоймай, терең символдық мағынаға ие.
Ұлттық киімнің тарихи мәнін сақтау – бүгінгі күннің өзекті талабы
Қазақ мәдениетінде киім – ұлт тарихы мен дәстүрінің айнасы. Әрбір ою-өрнек, әрбір әшекей белгілі бір дәстүрді, адамның жасын, әлеуметтік мәртебесін көрсетеді. Сол себепті ұлттық киімнің тарихи мәнін сақтау бүгінгі күннің өзекті талабы болып отыр.
Фото: Камила Жапалованың жеке мұрағатынан
Дизайнер Камила Жапалова ұлттық киімді жаңғыртқанда осы тарихи кодқа ерекше мән беру керектігін айтады.
– Әр халықтың өзіне тән стилі мен өрнек әлемі болады. Бір елдің киім үлгісін көрген адам оның қай халыққа тән екенін бірден ажырата алады. Қазақтың да өзіндік этностық стилі, бай ою-өрнегі мен дәстүрлі киім үлгілері бар, – дейді дизайнер.
Алайда бүгінгі таңда ұлттық киім көбіне сахналық немесе театрлық костюм ретінде қабылданады. Күнделікті өмірде киюге болатын заманауи стиль әлі де аз.
– Киімнің пішімі заманауи талапқа сай, сапасы жоғары, сәнді әрі ыңғайлы болуы тиіс. Сол кезде этностиль тек мерекелік емес, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айнала алады, – деп түсіндіреді Камила Жапалова.
Айта кетейік, елімізде Наурызнама онкүндігі өтіп жатыр. Осының аясында бүгін - "Ұлттық киім" күні. Ал, осындай шаралар - ұлттық киім халықтың мәдени болмысы мен бірегейлігінің маңызды бөлігі екенін көрсетеді.
Ақпарат kaz.inform.kz сайтынан алынды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через