Қазақстандағы шоколад бағасы

Қазақстандағы шоколад бағасы
фото: https://pixabay.com

2026 жылдың қаңтарында шоколадпен қапталған конфеттердің бір килограмы 3,5 мың теңгеден сатылды

Қазақстанда былтыр 90,2 мың тонна шоколад және шоколадтан жасалған кондитерлік өнімдер өндірілді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 2,5% аз. Бұл көрсеткіш екінші жыл қатарынан төмендеп отыр: 2024 жылы өндіріс көлемі 13,5%-ға қысқарған еді, деп жазды Energyprom.kz.

2017 жылғы рекордтық 117 мың тоннамен салыстырғанда, қазіргі өндіріс көлемі шамамен төрттен бірге азайған. Кейінгі он жылда шоколад өнеркәсібі тұрақты өсімге шыға алмай, өндіріс 90-110 мың тонна аралығында ауытқып отырды.

"Ішкі өндірістің әлсіреуі импортқа тәуелділікті арттырды. Мысалы, 2025 жылдың қаңтар-қараша айларында отандық фабрикалар ішкі нарықтағы сұраныстың 37,8%-ын қамтамасыз етті, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 40,6% болған. Осылайша шоколад пен қант қосылған шоколад өнімдерінің өндірісі 3,1%-ға азайып, 81,2 мың тоннаны құрады, ал импорт керісінше 9%-ға өсіп, нарықтағы ұсыныстың 62,2%-ын қамтыды", - деп жазды портал.

Шоколад пен шоколад өнімдерінің экспорты мен реэкспорты сенімді өсім көрсетіп отыр: қаңтар-қарашада 16,7%-ға өсіп, 43,4 мың тоннаны құрады. Ішкі нарықта сауда көлемі сәл ғана, 1,3%-ға өсіп, 171,3 мың тоннаны құрады. Жергілікті өндірушілер ішкі сұраныс азайғандықтан сыртқы нарыққа шығуды көздеп отыр.

Сонымен қатар, шоколад пен шоколад өнімдерінің бағасы жылдам өсіп жатыр. Қазақстанда шоколадтың қымбаттауына какао-атбас бұршақтарының әлемдік нарығындағы өзгерістер себеп болды. 2024 жылдың желтоқсанында какао бағасы тоннасына 12,9 мың АҚШ долларына жетіп, рекордтық максимумға көтерілді.

Алайда 2026 жылдың ақпан айында баға күрт төмендеп, тоннасына 3,8 мың АҚШ долларына дейін түсті – бұл 2023 жылғы қазаннан бергі ең төменгі көрсеткіш. Соңғы бір айда баға 30,5%-ға арзандады, ал желтоқсанның шегіндегі максималды бағаға қарағанда баға 3 есе төмендеді. Бағаның төмендеуіне сұраныс пен ұсыныс теңгерімінің өзгеруі әсер етті.

"Шикізат бағасының әлемдік деңгейде төмендеуіне қарамастан, тұтынушылар бұл әсерді бірнеше айдан кейін ғана сезеді. Өндірушілер мен импорттаушылар қазір 2024 және 2025 жылдары қымбат бағамен сатып алған какаодан өнім шығарып жатыр. Сондықтан жақын арада дүкендегі бағалар жоғары болып қала береді", - деп жазылған материалда.

2026 жылдың қаңтарының қорытындысы бойынша Қазақстанда шоколад бағасы бір айда 2%-ға, ал 2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 36,6%-ға өсті.

2026 жылдың қаңтарында шоколадпен қапталған конфеттердің бір килограмы бөлшек саудада орташа 3,5 мың теңгеден сатылды.

Какаоның әлемдік бағасының құлдырауы Қазақстанда шоколад өнімдері бағасының тұрақтануына немесе тіпті арзандауына алғышарт болады, әсіресе бұл 2026 жылдың екінші жартысында арзан шикізаттан жасалған өнімдер нарыққа шыққанда байқалады. Дегенмен алдағы бірнеше айда тұтынушылар жоғары бағамен бетпе-бет келеді.

Дерек көзі: https://sputnik.kz