фото: www.instagram.com
Қазір барша жанкүйердің назары — Италия төрінде өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарында. Қар мен мұз айдынында тартыс күшейіп, әр секунд, әр ұпай ел мерейін үстем ету жолындағы шешуші сәтке айналған дүбірлі додада қазақстандық спортшылар да намысты қолдан бермей, көк байрағымызды биіктен көрсетуге күш салуда.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті таратқан мәліметке сәйкес, 20 ақпан күні жерлестеріміз бірнеше сайыс түрінен бақ сынайды.
Алдымен, фристайл-акробатикадан ерлер арасындағы іріктеу кезеңі өтеді. Бұл — батылдық пен шеберлікті, әуедегі дәлдік пен мінсіз қонуды талап ететін аса күрделі спорт түрі. Аталған бәсекеде ел намысын Асан Асылхан, Дінмұхаммед Райымқұлов, Шерзод Хаширбаев және Роман Иванов қорғайды. Спортшыларымыз 20:30-да сынға түсіп, финал жолдамасы үшін барын салмақ. Әр секіріс — үміт, әр қону — жауапкершілік.
Ал түн ауа мұз айдынында жылдамдық додасы жалғасады. Конькимен жүгіруден 1500 метр қашықтықта әйелдер арасында Надежда Морозова мен Елизавета Голубева өнер көрсетеді. Бұл сайыс 00:15-те басталады. Мұз үстіндегі әрбір айналым — төзім мен тактиканың, жігер мен жітіліктің сыналар шағы. Қарсыластар осал емес, алайда намыс пен дайындық қатар жүрген жерде нәтиже де биік болары сөзсіз.
Сондай-ақ, шорт-тректен әйелдер арасындағы 1500 метр қашықтықтың ширек финалында Яна Хан мен Ольга Тихонова жарыс жолына шығады. Қысқа қашықтықтағы бұл бәсекеде шешім санаулы сәттерде қабылданады, жеңіс миллисекундтармен өлшенеді. Мұз үстіндегі тар жол, тайғақ кешуде спортшыларымызға сәттілік тілейміз.
Осыған дейін қазақстандық спортшы Денис Никиша аталмыш Олимпиада ойындарын 7-орынмен аяқтады. Бұл — үлкен додадағы лайықты нәтиже, табандылық пен қажырдың жемісі. Әрбір жетістік — келер жеңістің бастауы.
https://kaz.inform.kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через