Ақтөбеде Жұбанов пен Тәжібаевқа арналған мерейтойлық шаралар өтеді

Ақтөбеде Жұбанов пен Тәжібаевқа арналған мерейтойлық шаралар өтеді
фото: kaz.inform.kz

    Өңірде биыл қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі Ахмет Жұбановтың 120 жылдығы және ақын, сазгер Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылады.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәліметінше, мерейтойлар аясында «Жұбановтар көктемі – 2026» апталығы өтеді. Сондай-ақ Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдығына орай «Бәкір мұрасы – ұрпаққа аманат» атты республикалық ақындар айтысы мен танымдық конференция жоспарланған.

Бұдан бөлек, «Жүрегім жырлап тұрады» атты поэтикалық-драмалық қойылым сахналанып, республикалық ән байқауы ұйымдастырылады.

Сонымен қатар биыл Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры 8 жаңа премьера ұсынбақ. Ал «Алақай» қуыршақ театры көрерменге 5 жаңа қойылым әзірлеуде.

Қазіргі таңда облыстық музей қорындағы 142 мыңнан астам экспонаттың 28 пайызы цифрлық форматқа көшірілген.