фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/AlfonsMorales
Алматыда кітапсүйер қауым үшін жағымды жаңалық бар. Ақпан айынан бастап шаһарда тағы екі қалалық кітапхана тәулік бойы жұмыс істеу тәртібіне көшті. Енді Әуезов ауданындағы Қазақстан жазушылары кітапханасы мен Бостандық ауданында орналасқан Алматы кітапханаларының бір филиалы оқырмандарға күндіз-түні есігін айқара ашады.
Осылайша, мегаполисте 24 сағат бойы қызмет көрсететін кітапханалар саны бесеуге жетіп отыр. Бұғандейінмұндайрежимде Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы, Алатау криэйтив хаб (Alatau Creative Hub) және Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана жұмыс істей бастаған еді. Бұл бастама Алматының мәдени және зияткерлік өміріне жаңа серпін беріп отыр.
Әуезов ауданындағы Қазақстан жазушылары кітапханасы – қаладағы ең көне әрі беделді рухани орталықтардың бірі. 1962 жылы ашылған бұл кітапхана уақыт талабына сай жаңғыртылып, бүгінде заманауи оқырманға қолайлы кеңістікке айналған. Мұнда ондаған мың кітап қоры жинақталған, электронды оқу залы жұмыс істейді, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға да барлық жағдай жасалған. Жыл сайын мыңдаған алматылық осы кітапханадан рухани азық алады.
Ал Бостандық ауданындағы жаңа филиал салыстырмалы түрде жуырда ашылғанымен, техникалық мүмкіндіктері жағынан талапқа сай. Кең әрі жарық ғимаратта жоғары жылдамдықтағы интернет, компьютерлер, өзіне-өзі қызмет көрсету жүйелері орнатылған. Бұл — кітапхана мен цифрлық мүмкіндіктер үйлесім тапқан заманауи мәдени кеңістік деуге толық негіз бар.
Қала әкімдігінің мәліметінше, кітапханалардың тәулік бойы жұмыс істеуі тұрғындарға өздеріне ыңғайлы уақытта білім алып, ізденуге мүмкіндік береді. Әсіресе кешкі немесе түнгі уақытта босайтын жастар мен студенттер үшін бұл — таптырмас жағдай. Мұндай қадам оқу мәдениетін дамытуға, өзін-өзі жетілдіруге және сапалы мәдени демалысқа жол ашады.
Айта кетейік, бүгінде Алматы қаласында 30 қалалық кітапхана жұмыс істейді. Ал олардың біртіндеп жаңа форматқа көшуі — білім мен кітапқа жақын қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через