фото: pixabay.com
Ақмола облысында инсультті диагноздайтын жасанды интеллект жүйесі іске қосылды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы qazaqstan.tv сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
«Cerebra» бағдарламасы арқылы дәрігерлер инсультті 2-3 минутта анықтайды. Бұл аурудың салдарын жеңілдетіп, науқастың тез аяққа тұруына мүмкіндік береді, дейді мамандар.
56 жастағы Ербол Шәріпов облыстық ауруханаға бір жақ аяқ-қолы қозғалмай, сөйлеуге де шамасы болмай түскен. Дәрігерлер жасанды интеллектінің көмегімен, тромбының нақты қай аумақта орналасқанын тез анықтаған. Нәтижесінде жасалған ем шипалы болды дейді.
Ербол Шәріпов, Көкшетау тұрғыны:
Жасанды интеллектіні медицинада қолдануы дұрыс деп ойлаймын. Ақ халатты абзал жандарға басымды ием, олардың еңбектері өте көп, өзімнің бұрынғы қалпыма қалыптасып кетуіме. Аяқ-қолым жақсы жұмыс істейді.
Инновациялық жоба облыстық ауруханаға желтоқсанның 17-де іске қосылған. Содан бері күніне шамамен 12-15 адамға жаңа технология бойынша диагностика жасалады.
Макшарип Баматгереевич, облыстың штаттан тыс бас неврологы:
Бағдарлама инсультті тез анықтап, нақты диагноз қоюға мүмкіндік береді. Тіпті әр миллиметрге дейінгі дәлдікпен қорытындыны 2-3 минутта шығаратыны қуантады. «Cerebra» қосымшасы біздің телефонымызға енгізілген. Соның арқасында тәулік бойы, онлайн режимінде диагностика жасай аламыз.
Осыған дейін дәрігерлер инсультті анықтау үшін 1 сағаттан аса уақытын жұмсаған. Ал науқасты аман алып қалу үшін үшін әр минут маңызды. Неғұрлым тез диагноз қойылса, аман алып қалуға болады,-дейді ақ халаттылар. Мәселен, инсульт алған 77 жастағы Нина Запольская дұрыс диагноз қойылғанның арқасында бір тәулікте аяққа тұрған.
Нина Запольская, Көкшетау тұрғыны:
Ауруханаға ауыр жағдайда түстім, есімді де дұрыс білмеймін, қозғала да, сөйлей де алмайды екенмін. Дәрігерлер алғашқы көмек жасап, тез қалпына келе алдым. Алғаш сөйлеген кезімде бұл шынымен мен сөйлеп тұрмын ба деп таң қалғаным бар. Дәрігерлерге алғысым шексіз.
Инсульт әлемдегі өлім-жітімнің ең негізгі себептерінің бірі. Елімізде бір жылына шамамен 40 мың адам инсульт алады. Бүгінде облыстық аурухананың инсульт бөлімшесінде 20 науқас ем алып жатыр. Ал «Cerebra» бағдарламасы өңірдегі 5 инсульт орталығының әзірге тек екеуіне ғана енгізілген.
Шалқар Қапаров, облыстық аурухананың инсульт орталығының меңгерушісі:
Жасанды ителлект тезірек анықтайды инсультті. Жіті ауырған кезде КТ снимогында көрсетпеуі мүмкін. Бірақ «Cerebra» программасы мидың қалпын, толықтығын, өлшемін өлшеп, инсультін анықтап, информацияны 3-5 минутта жібереді.
«Cerebra» бағдарламасы әзірге апробациядан өтіп жатыр. Облыс дәрігерлері жаңа технология бойынша өз ұсыныстарын енгізуге дайын. Болашақта жасанды интеллекті медицинаға жаппай енгізілетін болса, тіпті дәрігерлердің тапшылығы да сезілмейтін болады, - дейді мамандар.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через