фото: ҚР теннис федерациясы/kaz.orda.kz/
Австралияда өтіп жатқан ITF J300 Траралгон турнирінде 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы тарихи нәтижеге қол жеткізді. Бұл жеңіс – тек жас спортшының ғана емес, тұтас қазақ теннисі дамуының жаңа кезеңін бастаған оқиға болды.
Үшінші айналымда қазақстандық теннисші АҚШ өкілі, ITF Juniors рейтингінде 21-орында тұрған Гэвин Гудты сенімді түрде жеңді, деп жазды qazaqstan.tv. Осылайша, Заңғар жекелей сында ширек финалға шыққан алғашқы қазақстандық жасөспірім атанды. Енді жартылай финалға шығу үшін бразилиялық Луиш Гуту Мигелмен кездеседі.
Айта кетсек, Заңғардың спортқа деген махаббаты бала кезінен басталған. Ол Алматыда туып, алты жасынан бастап Талдықорғанда тенниспен шұғылданған. Табиғи таланты мен еңбекқорлығының арқасында жас спортшының есімі Еуропаға да танылды, деп жазды sportinside.kz.
Бар-жоғы 14 жасында Tennis Europe Tour ұйымынан "Жылдың үздік шетелдік ойыншысы" атағын алып, 2022 жылғы маусымды жасөспірімдер рейтингінде үздік ондықта аяқтаған.
Занғардың арманы мен шабыт көзі – әлемдік теннистің аңызы Новак Джокович. Ол 12 жасында US Open турнирінің жартылай финалын көріп, өз кумирімен суретке түскен еді. Сол сәттен бастап Заңғар үлкен теннис сахнасына шығуды мақсат еткен. Бүгінде сол бала кездегі арман ақиқатқа айналып отыр: Джоковичпен түскен сурет енді оның өмірлік шабыт символына айналған.
Қазіргі таңда Заңғар Нұрланұлы Словакияда, Доминика Цибулкова академиясында жаттығып жүр. Мұнда ол техникасын жетілдіріп, физикалық дайындық деңгейін жоғарылатып жатыр.
Халықаралық турнирлерде сенімді ойнап жүрген қазақстандық жас спортшының табыстары елдің спорт беделін арттырып келеді.
Материал qazaqstan.tv, sportinside.kz сайттарынан алынды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через