Шұжық өнімдерін жиі тұтынудың денсаулыққа қаупі

Шұжық өнімдерін жиі тұтынудың денсаулыққа қаупі
фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/Grigorenko

       Соңғы жылдары мамандар өңделген ет өнімдерінің адам денсаулығына тигізетін кері әсері туралы жиі ескертіп келеді. Әсіресе шұжық, сосиска, ветчина сияқты өнімдерді күнделікті тағам рационына қосу онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін едәуір арттырады. Бұл туралы отандық және халықаралық зерттеулерде нақты дәлелдер келтірілген.

       Ғалымдардың мәліметінше, тағам құрамына әрбір қосымша 50 грамм өңделген ет енгізілген сайын қатерлі ісікке шалдығу қаупі 18 пайызға өседі. Мұның басты себебі — шұжық өнімдерінің құрамында кеңінен қолданылатын нитриттер мен нитраттар. Бұл қоспалар еттің түсін сақтап, сақтау мерзімін ұзартуға көмектіргенімен, адам ағзасына түскен соң асқазанда нитрозаминдерге айналады. Ал нитрозаминдер — қатерлі ісік тудыруы мүмкін ең қауіпті химиялық қосылыстардың бірі.

       Бұдан бөлек, ет өнімдерін ыстау, қуыру немесе жоғары температурада өңдеу кезінде канцерогендік заттар түзіледі. Олар жасушалардың қалыпты жұмысын бұзып, ісік жасушаларының пайда болуына жағдай жасайды. Әсіресе жиі және ұзақ уақыт бойы тұтынылған жағдайда бұл қауіп бірнеше есе арта түседі.

       Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігі (IARC) жүргізген зерттеулер нәтижесінде шұжық, сосиска және сүрленген шошқа еті канцерогендердің бірінші тобына енгізілген. Бұл топқа жатқызылған заттардың адамда қатерлі ісік тудыруы ғылыми тұрғыда дәлелденген. Яғни, бұл өнімдер темекі немесе алкоголь секілді денсаулыққа айқын зиян келтіретін факторлармен бір қатарда тұр.

       Сонымен қатар өңделген ет өнімдерін жиі тұтыну тек онкологиялық ауруларға ғана емес, жүрек-қан тамырлары жүйесіне де айтарлықтай зиян тигізеді. Мамандардың айтуынша, мұндай тағамдар миокард инфарктісі мен инсульттің пайда болу ықтималдығын арттырады. Бұған өнім құрамындағы тұздың көп мөлшері, қаныққан майлар мен жасырын химиялық қоспалар себеп.

       Дәрігерлер мен диетологтар шұжық өнімдерін күнделікті ас мәзірінен алып тастап, олардың орнына табиғи ет, балық, көкөніс пен бұршақ тұқымдастарын таңдауға кеңес береді. Ал өңделген еттен мүлде бас тарту мүмкін болмаған жағдайда, оны сирек әрі аз мөлшерде тұтыну — денсаулықты сақтаудың маңызды қадамы.

       Қорытындылай келе, уақыт үнемдеу немесе дәм үшін таңдалған шұжық өнімдері ұзақ мерзімде ауыр дерттердің себепшісі болуы мүмкін. Сондықтан әр адам өз тағамына саналы түрде қарап, денсаулығын бірінші орынға қоюы қажет.