Қысқы Олимпиада ойындарына бір ай қалды

Қысқы Олимпиада ойындарына бір ай қалды
фото: pixabay.com

XXV қысқы олимпиаданың басталуына тура отыз күн қалды. Биыл дүбірлі дода Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Олимпиаданың басты нышаны – Олимпиада алауы Грекияда жағылған еді. Ежелгі Олимпия шаһарында тұтанған алау одан соң біраз елді шарлап Италияға жетті. Төрт жылда бір өтетін дүбірлі додаға дайындық қызу. Веронадағы Ежелгі Рим аренасы 2026 жылғы Олимпиада ойындарына орай заманауи жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мұнда Олимпиада ойындарының жабылу салтанаты, кейін Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді. I ғасырда салынған арена бұрын-соңды арбаға таңылған жандар үшін қолжетімсіз болған. 

Енді араға ғасырлар салып, келушілердің түгеліне тең мүмкіндік,  ал қауіпсіздікке баса мән беретін  жоба бастады. Оған 18 миллион еуро қаржы бөлінді. Жоба аясында велосипед жолдары мен жақын маңдағы тротуарлар жаңартылады. Арена ішінде арбада отыратын адамдар үшін пандустар орнатылады. 

Коллин Барри, сарапшы: - Біз Верона аренасында тұрмыз. Аренаның кей аумақтарында қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мақсат –  көмекке мұқтаж жандарға, аяқ алып жүру қиындық тудыратын кісілерге және кішкентайы бар қонақтарға қолайлы жағдай жасау. Мұндағы пандустар 2000 жыл бұрын римдіктер қолданған тастан салынып жатыр. Ежелгі Верона стадионын жаңа қырынан көруге дайын болыңыздар.

 «Ең ұлы саяхат» деген атаумен 63 күнге созылатын алау эстафетасы соққан желге, жауған жауын мен қалың қарға қарамастан шақырымдарды бағындырып келеді. Алау 26 қаңтарда араға 70 жыл салып Кортина-д'Ампеццоға жетеді. Дәл осы жерде 1956 жылы алғашқы қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өткен. 

Кирсти Ковентри, Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті: - 1/26 Милан-Кортина дәстүр мен жаңашылдыққа негізделген, гендерлік теңдік стратегиясы үстем қысқы ойындарға айналады. Бұл – менің төрағалығымдағы алғашқы ойын. Сонымен қатар биыл азаматтардың жарыстарға қатысу мүмкіндігі тең болады. Жаңа жыл бүкіл қоғамдастық үшін бірлік, шабыт пен жетістікке толы жыл болсын деп тілеймін.

 Апеннин түбегінде өтетін Олимпиада ойындарына 93 елден 3500 спортшы қатысады деп жоспарланған. Халықаралық додаға спорттың 16 түрінен 116 медаль дайындалған. Олимпиада – тек спортшылардың ғана емес, күллі әлемнің бірігіп, ортақ мақсатқа жетуге ұмтылатын алаңы. Бұл алаңда әр қатысушы қанжығам майлы болсын деп тілейді, әрине. Ал бізге тек жанкүйер болып, топ жарып шыққандардың жеңісіне ортақтасу ғана қалды.