Қазақстанның 95 университетінде ЖИ пәндері оқытылады

Қазақстанның 95 университетінде ЖИ пәндері оқытылады
фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/vm

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанда жасанды интеллект бағытындағы білім беру жүйесінің даму барысы туралы айтты.

Оның айтуынша, бүгінде еліміздегі 95 жоғары оқу орнында жасанды интеллектке қатысты пәндер оқу үдерісіне енгізілген.

Жасанды интеллект қазіргі таңда бұрын компьютерлік дағдылар қалай базалық сауаттылыққа айналса, дәл сол сияқты негізгі құзыретке айналып келеді. Қазақстан бұл бағытта Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты мен жаңа білім беру бағдарламалары арқылы жүйелі түрде алға жылжып отыр, – деді вице-министр.

Сондай-ақ ол жасанды интеллект, инжиниринг және ЖИ цифрлық технологиялары бойынша жаңа білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлау басталғанын атап өтті.

Қазіргі таңда 30 жоғары оқу орнында ЖИ бағыты бойынша 42 білім беру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Олардың қатарында «Қолданбалы жасанды интеллект», «Жасанды интеллект инженериясы және блокчейн», «Медицинадағы жасанды интеллект» сияқты бағыттар бар.

Осы бағдарламалар аясында бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейінде 2 815 студент білім алып жатыр.

Гүлзат Көбенова Мемлекет басшысының «білім сапасы ең алдымен оқытушыдан басталады» деген ұстанымына тоқталып, осыған байланысты профессор-оқытушылар құрамының 54 пайыздан астамы жасанды интеллект бағытында арнайы оқудан өткенін жеткізді.

https://baq.kz/