фото: https://www.istockphoto.com
Соңғы төрт жыл ішінде Қазақстан ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге бөлінетін қаржыны екі есе арттырып, 468 млн долларға жеткізді. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) статистикалық жылнамасында жарияланған.
Ресми деректерге сәйкес, 2020-2024 жылдары аралығында ғылымды қаржыландыру үздіксіз өсіп келеді. Мемлекет аталған секторға 2020 жылы — 215,6 млн, 2021 жылы — 256,6 млн, 2022 жылы — 264 млн, 2023 жылы — 378 млн доллар жұмсаған. 2024 жылы шығын 468 млн долларды құраған болатын. Айта кетейік, 2025 жылғы мәліметтер толық есептеліп болғасын, кейін жарияланады.
Бұл көрсеткіш ЕАЭО мемлекеттері ішіндегі ең жоғары деңгейдің бірі саналады. Салыстырмалы түрде қарасақ, 2024 жылы одаққа мүше Арменияның ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге арналған шығыны 68,1 млн доллар болса, Қырғызстандікі небәрі 9,2 млн доллар шамасында тұрақтады. Еліміз ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге бөлінетін қаржы көлемі бойынша Беларусьті (447 млн АҚШ доллары) басып озып, ЕАЭО-да екінші орынға шықты.
Қазақстанда ғылыми зерттеулермен негізінен университеттер жанындағы ғылыми орталықтар және салалық білім беру ұйымдары айналысады. Демек, елдегі ғылымның дамуы білім беру саласымен тығыз байланысты екенін көрсетеді.
Ал ЕАЭО-ға мүше өзге елдерде жағдай өзгеше. Мәселен, Ресей мен Беларусьта ғылыми зерттеулерді көбіне өндірістік кәсіпорындар жүргізеді. Бұл елдерде ғылым тікелей өндіріс пен технологиялық дамуға бағытталған деген сөз.
Қырғызстан мен Арменияда ғылыми-зерттеу жұмыстары негізінен министрліктерге қарасты ұйымдар мен мемлекеттік сектордағы мекемелердің үлесінде. Мұнда ғылыми зерттеулер мемлекеттік басқару жүйесі арқылы жүзеге асады.
https://kaz.inform.kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через