Олимпиада алдындағы стиль мен стратегия

Олимпиада алдындағы стиль мен стратегия
фото: www.instagram.com

       Соңғы жылдары Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын спортшылардың формасы тек эстетикалық талғамның ғана емес, мемлекеттік имидждің де айнасына айналды. Қазақстанда бұл тақырып қоғам назарынан тыс қалған емес. Әсіресе шеру формасына қатысты сын жиі айтылып, спортшылардың кәсіби деңгейіне лайық киім қажет екені алға тартылып келді. Осы тұрғыда Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың Үкімет отырысынан кейінгі мәлімдемесі – саладағы жаңа бетбұрыстың белгісі.

       Биыл Қазақстан спорты үшін маңызды өзгеріс жасалды: Олимпиадада ел атынан сынға түсетін спортшыларды халықаралық деңгейде танылған Under Armour бренді киіндіреді. Бұл – жай ғана атау ауыстыру емес, дайындық философиясының өзгеруі. Өйткені заманауи спортта форма – тек киім емес, спортшының мүмкіндігін ашатын құрал.

       Министрдің айтуынша, бұған дейін қысқы және жазғы спорт түрлеріне бөлек-бөлек форма тігілсе, енді әр спортшының гардеробында екі маусымға бірдей арналған толық спорттық жабдық болады. Әрбір сөмкеде 18 түрлі спорттық өнімнің болуы – ұсақ-түйек емес, жүйелі ойластырылған шешім. Оның үстіне бұл құрал-жабдықтардың барлығы бюджеттен тыс қаражат есебінен алынғаны да назар аудартады.

       Ал шеру формасына қатысты сын-ескертпелер ескерусіз қалған жоқ. Биылғы шеру формасын отандық брендтің тегін тігуі – жергілікті дизайнерлерге сенім білдірудің бір көрінісі. Спортшылардың өздері мен спорт қауымдастығының оң бағасы да бұл қадамның орынды екенін көрсетеді. Дегенмен, министр бұл бағытта тоқмейілсуге болмайтынын ашық айтты: алдағы Азия ойындарына арналған шеру формасы ашық конкурс арқылы таңдалады.

       Бұл шешімнің астарында бәсекелестік бар. Ашық конкурс – сапаны арттырудың, тың идеяларға жол ашудың тиімді тәсілі. Әсіресе Жапонияның Нагоя қаласында өтетін жазғы Азия ойындары сынды ірі додада Қазақстанның бейнесі ұлттық нақыш пен заманауи стильді қатар көрсете алуы тиіс.

       Қорыта айтқанда, Қазақстанның спортшыларды киіндіру саясаты жаңа кезеңге қадам басты. Халықаралық брендпен әріптестік, отандық өндірушілерге мүмкіндік беру және ашық конкурс қағидаты – осының бәрі спорттағы кәсібилікті арттыруға бағытталған. Енді бастысы – бұл өзгерістер спортшылардың нәтижесіне, ал нәтижелер ел мерейіне қызмет етсе, сын да өз-өзінен саябыр табары анық.