Жаңа жылдық ертегі жүректерді жылытты: Қуыршақ театрындағы қайырымдылық мереке

Жаңа жылдық ертегі жүректерді жылытты: Қуыршақ театрындағы қайырымдылық мереке
фото: Қуыршақ театры

       Мемлекеттік қуыршақ театрына жаңа жыл қарсаңында ерекше күтімді қажет ететін балалар мен көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған қайырымдылық спектаклінің көрсетілімі өтті.

Қайырымдылық акциясы аясында жас көрермендерге арналған «Мульти Жаңа жыл» атты мерекелік бағдарлама ұсынылды. Бағдарлама барысында балғын бүлдіршіндер мультғаламға қызықты саяхат жасап, Аяз ата, Ақшақар, Наруто, Пикачу, Стич, Кики сынды сүйікті кейіпкерлерімен бірге интерактивті ойындар мен сахналық көріністерге қатысу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, көрермендер назарына «Етік киген мысық» спектаклі ұсынылды.

Аталған шараның басты мақсаты – балаларды театр өнерімен жақын таныстырып, жаңа жыл қарсаңында мерекелік көңіл күй мен жағымды эмоция сыйлау.

Қайырымдылық акциясы «Зере», «Күміс ғасыр», «Аяла», «Сенім», «Ана тілегі», «Ерекше Таңдау Шелек» әлеуметтік орталықтары мен қорларының қолдауымен өтті. Іс-шара аясында балалар мерекелік бағдарламаны тамашалап қана қоймай, «Диззи» компаниясының демеушілігімен ұсынылған «Riksamin C Vitamin» сусындарын сыйға алды.

«Балалардың өнер мен мерекелік атмосфераны сезінуі – театрдың маңызды әлеуметтік міндеттерінің бірі. Осындай шаралар арқылы біз олардың жүрегіне қуаныш сыйлауға тырысамыз», – деді Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры Алмат Амангелді.

Айта кетейік, Мемлекеттік қуыршақ театрындағы жаңа жылдық спектакль мен мерекелік бағдарламалар 18 желтоқсаннан бастап 4 қаңтарға дейін көрермендер назарына ұсынылады.