фото: pixabay.com
Темекі шегу – адам денсаулығына тікелей қауіп төндіретін ең зиянды әдеттердің бірі. Қоғамда оның өкпе қатерлі ісігіне, жүректің ишемиялық ауруына, инфаркт пен инсультке әкелетіні кеңінен белгілі, деп жазды Informburo.kz.
Алайда дәл сол темекінің әсерінен жай дамып, көбіне байқалмайтын аса қауіпті ауру – өкпенің созылмалы обструктивті ауруы туралы ақпараттану әлі де жеткіліксіз.
Статистикаға көз жүгіртсек, Қазақстанда ересек тұрғындардың 21-22% темекі тұтынады. Ер адамдар арасында бұл көрсеткіш 38 пайызға дейін жетсе, әйелдер арасында 6-10% шамасында. Ал 13-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 3 пайызы тұрақты түрде темекі шегеді. Темекі тұтынушылардың басым бөлігі күніне орта есеппен 11-12 тал темекі тартады.
Бұл деректер темекіге тәуелділіктің қоғам денсаулығына төндіріп отырған қауіп деңгейінің жоғары екенін айқын көрсетеді.
Темекіге байланысты аурулардан жыл сайын миллиондаған адам көз жұмады. Солардың ішінде кең таралғаны әрі ең қауіптілерінің бірі – ӨСОА.
"ӨСОА – тыныс алу жолдарының созылмалы қабынуынан дамитын ауру. Оның салдарынан тыныс жолдары тарылып, өкпе тіні бұзылады. Аурудың екі негізгі түрі бар: созылмалы бронхит – қақырықпен болатын тұрақты жөтел, және эмфизема – өкпедегі альвеол қабырғаларының бұзылуы. Бұл өзгерістер тыныс алуды қиындатып, ағзада оттегі жетіспеушілігін туындатады", – деді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ №2 терапия бөлімшесінің пульмонолог дәрігері Аида Жәділ бұл аурудың ерекшелігін былай сипаттайды.
ӨСОА не себепті пайда болады?
Темекі түтіні бронхтарда созылмалы қабыну тудырып, өкпе тінінің серпімділігін төмендетеді және тыныс жолдарының өзін-өзі тазалау қабілетін бұзады. Тіпті пассивті темекі түтіні де ӨСОА даму қаупін бірнеше есе арттырады.
ӨСОА ұзақ уақыт байқалмауы мүмкін, сондықтан пациенттер дәрігерге кеш жүгінеді. Дегенмен келесі белгілерге назар аудару маңызды:
- үш айдан астам созылатын тұрақты жөтел, әсіресе таңертең;
- қақырықтың бөлінуі (өршу кезеңінде түсі өзгеруі мүмкін);
- физикалық күш түскенде демігу, баспалдақпен көтерілгенде тыныстың тарылуы;
- Ауру асқынған сайын тыныс алу тіпті тыныштықта да қиындайды.
ӨСОА-ны толық емдеу мүмкін емес, бірақ аурудың дамуын баяулатуға және өмір сапасын жақсартуға болады:
1. Темекіні тастау – ең маңызды және тиімді қадам;
2. Дәрі-дәрмек терапиясы белгілерді жеңілдетеді;
3. Тыныс алу жаттығулары, дұрыс тамақтану, тұмау мен пневмококкқа қарсы вакцинация асқынулардың алдын алады;
4. Ауыр жағдайларда оттегі терапиясы немесе хирургиялық ем тағайындалады.
Материал Informburo.kz сайтынан алынды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через