Елімізде жалпыұлттық нышандардың тізімі жасалды

Елімізде жалпыұлттық нышандардың тізімі жасалды
фото: pixabay.com

Мемлекет басшысының жарлығымен бекітілген "Қазақстан республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары" атты құжатта Қазақстанның жалпыұлттық нышандардың тізімі айқындалды. Бұл Туралы "Сапалы Қазақстан" порталы Informburo.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.  

Ұлттық нышандар бірегейлігімізді нығайтуға және тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға ықпал етеді

-"Елдің тарихи-мәдени ерекшеліктерін айқындайтын ұлттық нышандардың тізімін жасау – әлемде кеңінен қолданылатын тәжірибе.  Ұлттық нышандар елдің өзіне тән ерекшелігін тануға,  жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтуға және тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға ықпал етеді", – делінген құжатта. 

Жалпыұлттық нышандар:

ұлттық ұран – "Алға, Қазақстан!";
ұлттық түстер – аспан түстес көк, алтын сары түс;
ұлттық кітап нышаны – Абайдың "Қара сөздері";
ұлттық бірлік нышаны – шаңырақ;
ұлттық музыкалық аспап нышаны – домбыра;
ұлттық өсімдік нышаны – қызғалдақ;
отандық өнім шығарудың ұлттық белгісі – "Қазақстанда жасалған", "Made in Qazaqstan";
ұлттық хэштег – #Qazaqstan, #Kazakhstan.

Бекітілген Ұлттық нышандар азаматтық қоғам институттарының базалық элементтеріне айналуға тиіс.

"Жалпыұлттық нышандардың осы тізімі елдің бірыңғай нышандар жүйесін және брендін қалыптастырады. Ұлттық нышандар жалпыұлттық айдентиканың, атап айтқанда, мемлекеттік органдардың, әкімшілік-аумақтық бірліктердің, білім беру, мәдениет және спорт мекемелерінің, азаматтық қоғам институттарының базалық элементтеріне айналуға тиіс. Ұлттық нышандар салтанатты рәсімдерді, қоғамдық-саяси, гуманитарлық, мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу барысында қолданылуы мүмкін", – делінген құжатта.