фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/margouillatphotos
Қазіргі таңда қосымша тағамдық өнімдерді пайдаланбайтын адам табу қиын. Белсенді өмір салтын ұстанатындар, фитнеске ден қойғандар, кәсіби спортшылар – барлығы дерлік өз рационын толықтыру үшін спорттық тағамға жүгінеді. Мұндай өнімдер ағзаға табиғи тағамдардан толық ала алмайтын микро және макроэлементтерді жеткізуге көмектеседі. Сонымен қатар, спорттық тағам денсаулықты нығайтуға, бұлшықет массасын арттыруға, дене салмағын реттеуге ықпал етеді. Кейбір тұтынушылар биологиялық белсенді қоспалардың (ББҚ) ағзаға оң әсеріне сеніп, өмір сапасын арттырудың көзі ретінде қарайды.
Алайда спорттық тағам мен дәрілік препараттардың ара жігін ажыратып алған жөн. Спорттық тамақтану – допинг те, дәрі де емес. Ол ББҚ санатына жатады және тағамдық қосымша ретінде қарастырылады. Сондықтан мұндай өнімді қолдану тұтынушыны жаңылыстыруға немесе тағамның табиғи иісін, дәмін және сапасын төмендетуге әкелмеуі тиіс.
Бүгінгі күні биологиялық белсенді қоспалар толықтай химиялық заттардан тұрмайды. Олардың бір бөлігі табиғи көздерден – өсімдіктерден, жеміс-көкөністерден, ет және құс өнімдерінен, тіпті дрожжи тәрізді табиғи компоненттерден алынуы мүмкін. Дегенмен, аллергиясы бар адамдар үшін сақтық өте маңызды. Кейбір заттар ағзада жинақталу қасиетіне ие, сондықтан олардың артық мөлшері денсаулыққа зиян келтіруі ықтимал.
Табиғи және жасанды қоспалардың айырмашылығы тек шығу тегіне емес, өндіру әдісіне байланысты. Табиғи қоспалар әрдайым қауіпсіз деген түсінік қате. Екеуі де зертханалық жағдайда синтезделуі мүмкін, сондықтан олардың әрқайсысы үшін рұқсат етілген тәуліктік доза айқын белгіленеді. Осы мөлшерден асып кету – жағымсыз салдарларға әкелуі ықтимал. Әр заттың ағзаға әсері жеке ерекшеліктерге және қабылданған мөлшерге тәуелді.
Есте сақтайтын ең маңызды қағида: мүлде қауіпсіз немесе мүлде қауіпті тағамдық қоспалар болмайды. Барлығы – дұрыс мөлшер мен дұрыс қолдануға байланысты.
Сол себепті спорттық тағамды таңдағанда таңбалауға ерекше назар аудару қажет. Техникалық регламент талаптарына сәйкес қаптамада міндетті түрде төмендегі мәліметтер көрсетілуі керек:
• өнімнің атауы және толық құрамы;
• дайындалған күні және жарамдылық мерзімі;
• сақтау шарттары;
• өндіруші туралы ақпарат;
• пайдалану жөніндегі ұсыныстар мен шектеулер;
• тағамдық құндылық көрсеткіштері;
• ГМО қолданылған болса, оған қатысты мәлімет;
• Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне ортақ міндетті белгі.
Таңбалаудың мемлекеттік және орыс тілінде болуы — міндет. Өнімді сатып алмас бұрын қаптама бүтін бе, герметикалық жабылуы сақталған ба, органолептикалық қасиеттері (иіс, түс, консистенция) өзгермеген бе — осының бәрін тексерген жөн. Өкінішке қарай, барлық сатушы сақтау талаптарын дұрыс орындай бермейді.
Егер сұрақ туындаса, сатушыдан өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттарды — мемлекеттік тіркеу туралы куәлік немесе сәйкестік сертификатын талап етуге толық құқығыңыз бар.
Тұтынушы сауаты — өз денсаулығын қорғаудың ең тиімді жолы.
А.Б. Исембаева – Алматы қаласы, Әуезов ауданы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы.
Н. Жансеркеева – техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің бас маманы.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через