фото: https://bilimdinews.kz/
Қазіргі таңда әлем елдері ауаға тарайтын зиянды газдарды азайтып, қоршаған ортаны қорғауға баса назар аударып келеді. Осы орайда Қазақстан да өз жауапкершілігін терең сезініп, табиғатты қалпына келтіруге бағытталған нақты қадамдар жасауда.
Осы орайда, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы климаттық тұрақтылықты арттыру және еліміздің 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына жетуі жолындағы үлкен бастаманы жүзеге асырды.
Академия еліміздегі алғашқы агроклиматтық карбон полигонын — «KAZ AGRO CARBON» ресми түрде ашты.
Полигон А.И. Бараев атындағы ғылыми-өндірістік орталықтың базасында орналасқан. Мұнда топырақтағы көміртегінің жиналуын, ауа құрамындағы CO₂ мен метан ағынын өлшейтін заманауи құрылғылар, метеорологиялық станциялар жұмыс істейді. Яғни табиғаттағы өзгерістерді ғылыми дәлдікпен бақылап, олардың ауыл шаруашылығына әсерін есептеуге мүмкіндік туады.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның көміртегіні жинау әлеуеті өте жоғары — жылына 535 миллион тоннаға дейін көміртегіні табиғи жолмен сіңіре алады. Бұл болашақта көміртегі квоталары мен экологиялық жобалар арқылы ел экономикасына миллиардтаған пайда әкелуі мүмкін.
Жаңа полигон фермерлер үшін де үлкен мүмкіндік. Енді шаруалар өз алқаптарында жиналған көміртегін сертификаттап, халықаралық нарықтағы көміртегі квоталарына қатыса алады. Бұл — экологияны жақсарта отырып табыс табудың жаңа жолы.
Ашылу рәсіміне Қазақстан мен Ресейдің ғылыми орталықтары, халықаралық сарапшылар, фермерлер және бірқатар ұйымдар қатысты. Ғалымдар бұл жобаның екі ел арасындағы ғылыми ынтымақтастықты күшейтіп, климаттық технологияларды дамытуға тың серпін беретініне сенімді.
Жалпы, «KAZ AGRO CARBON» полигоны — еліміздегі көміртегі мониторингі мен жасыл технологияларды жетілдірудің жаңа орталығы.
Бұл — Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау жолындағы нақты, мазмұнды және болашаққа бағытталған маңызды қадамы.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через