Алматыдағы Райымбек батыр кесенесінің маңы қалай өзгереді

Алматыдағы Райымбек батыр кесенесінің маңы қалай өзгереді
фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі/kaz.inform.kz

Алматыдағы Райымбек батыр кесенесінің маңында VR технологияларымен жабдықталған музей мен заманауи мәдени кеңістік пайда болады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Алматыдағы Райымбек батыр кесенесі аумағында абаттандыру мен құрылыс жұмыстары басталды. Жоба аясында тарихи нысанның айналасы жаңартылып, осы заманғы музей кешені салынады.

Бұл туралы Алматы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде айтты.

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Оның сөзінше, жобаның мақсаты — кесене аумағын киелі әрі тартымды мәдени орталыққа айналдыру, қала тұрғындары мен қонақтарына тарихи тұлғаның ерлігін дәріптейтін жаңа кеңістік ұсыну.

— Құрылыс жұмыстары барысында кесене маңы толық абаттанып, екі жаңа ғимарат салынады. Оның бірі — екі қабатты музей ғимараты. Бірінші қабатта мультимедиалық экспозициялар орналасса, екінші қабатта қазақ батырларына арналған тарихи зал ашылады. Музей замандық VR және AR технологияларымен жабдықталады, — деді ол.

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Жұмыстар 2026 жылғы ақпанда басталып, мамырда толық аяқталады деп жоспарланған.

Райымбек батыр мавзолейі — Қазақстанның киелі орындар картасына енген, жалпыұлттық маңызы бар нысан. Қайта жаңғырту аяқталғаннан кейін мұнда ұлы қолбасшының өмірі мен ерлігін баяндайтын заманауи экспозиция ашылады.