Павлодарда дене шынықтыру сабағы кезінде 7 оқушы күйіп қалды

Павлодарда дене шынықтыру сабағы кезінде 7 оқушы күйіп қалды
фото: https://pixabay.com/

       Бір топ оқушы бөтелкедегі сусынға «Крот» құбыр тазартқыш құралын салып, онымен футбол ойнаған. Пластик бөтелке жарылып, 7 баланы химиялық күйік шалды.

       Жазатайым оқиға облыс орталығындағы №37 орта мектепте дене шынықтыру сабағы кезінде болған. 6-сыныптың бір топ оқушысы сілтілі «Крот» құбыр тазартқыш құралын сусын құйылған пластик бөтелкеге салған. Оны футбол добы ретінде пайдаланып ойнап жүргенде бөтелке жарылып кеткен. Оқиға орнында жеті бала күйіп қалған.

       - Жедел жәрдемге шақырту бүгін сағат 12.49-да түсті. Оқиға орнына екі жедел жәрдем бригадасы жіберілді. Анықталғандай, жеті бала зардап шеккен. Балалардың қол саусақтарын, бет-әлпеттері мен көздерін күйік шалған. Оқушылар әлгі жерде «крот»+мохито+фольга химиялық заттарын пайдаланып, ойын ойнаған. Зардап шеккен жасөспірімдердің барлығы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Пациенттердің жағдайы ауыр емес, - деп хабарлады өңірлік жедел жәрдем стансасынан.

       Оқиға орнында медицина қызметкерлерімен қатар, өрт сөндірушілер, құтқарушылар және Апаттар медицинасы орталығының мамандары да жұмыс істеді

       https://kaz.inform.kz/