фото: Navesh Chitrakar, Reuters Данный текст скопирован с сайта Informburo.kz
17 жылда елде 13 рет үкімет ауысқан. Непал кейсі әлемнің көптеген еліне сабақ бола алады.
Непалда ел тарихындағы ең ірі жастар қозғалысы болып жатыр. Қозғалысты негізінен 18-25 жас аралығындағы жастар мен студенттер басқарды. Сол себепті оны "Z ұрпағының қозғалысы" деп атады. Сонымен қатар "Азия көктемі" немесе "Непал революциясы" деп те атап жатқандар бар. Наразылықтардың нәтижесінде премьер-министр Кхадга Прасад Шарма Оли отставкаға кетті, 34 адам қаза тапты, 1300-ден астам адам жараланды. Informburo.kz оқиғаның себеп-салдарына хронологиялық шолу жасады.
Оқиға қалай басталды?
4 қыркүйекте Непал үкіметі Facebook, Instagram, WhatsApp, YouTube, X, TikTok және басқа да бірнеше әлеуметтік желіні бұғаттады. Оның себебін "платформалардың коммуникация және ақпараттық технологиялар министрлігінде тіркелмегенімен" түсіндіріп, бұл шара "жалған ақпарат, арандату және киберқылмыспен күресу" үшін қажет деп мәлімдеді. Бұдан бұрын 2023 жылы да елде TikTok-ты 9 айға бұғатта болған еді.
Бұғаттау #NepoKids – Непалдағы шенеуніктердің баласының TikTok-та салтанатты өмір салты туралы видеоларының тренд болған кезімен тұспа-тұс келді. Олар желіде қымбат киімдер, люкс көліктер мен саяхаты туралы видео салатын. Бұл билік пен қарапайым халық арасындағы теңсіздікті одан әрі айқындай түсті.
Дүниежүзілік банктің дерегі бойынша, Непалда 15-24 жас аралығындағы жастардың жұмыссыздық деңгейі 2024 жылы 20,8% болған. Осындай экономикалық теңсіздік, инфляция және үкіметтің халыққа берген уәдесін орындамауы наразылықты күшейтті.
5-7 қыркүйекте бейбіт шерулер басталды. Студенттер Катманду, Покхара, Итахари қалаларында жиналды. Олар "Әлеуметтік желілерді емес, жемқордықты бұғаттаңдар", "Gen Z жемқорлыққа қарсы" деген үндеу жасады. Полициямен қақтығыс болып, 20 шақты адам жараланды.
Әлеуметтік желіде #UnbanSocialMedia және #NepoBaby хештегімен түрлі жазбалар мен үндеулер пайда болды.
8 қыркүйекте мыңдаған студент парламент алдында жиналды. Оларға полиция көзден жас ағызатын газ, су, оқ жаудырды. Бұл күні 19 адам қаза тауып, 347 адам жарақат алды. Елде комендант сағаты енгізілді.
9 қыркүйекте наразылықтар одан әрі күшейе түсті. Әлеуметтік желілер қайта ашылды. Елдің басты халықаралық әуежайы жабылды. Демонстранттар парламент, жоғарғы сот, Сингха Дурбар үкімет орталығы, Nepali Congress штаб-пәтерін өртеп жіберді, саясаткерлердің үйіне шабуыл жасады.
Премьер-министр Кхадга Прасад Шарма Оли отставкаға кетті, оның алдында ішкі істер, ауыл шаруашылығы, су және денсаулық сақтау министрлері де отставкаға кеткен. Сол кеште "Непал мен непалдықтардың қауіпсіздігі үшін жағдайды бақылау" мақсатында Катмандуға әскер кіргізілді. Әскерилер бірнеше министрді және олардың туыстарын тікұшақпен эвакуациялады.
Бұл күні тағы 5 адам қаза тапты, 200-ден астам адам жарақан алды. Сонымен қатар түрмеден 100-ден астам тұтқын босады. БҰҰ биліктің іс-әрекетін "артық күш қолдану" деп айыптады. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш "жан-жақты тергеу" жүргізуге шақырып, зорлықты тоқтатуды талап етті.
10 қыркүйекте президент Рам Чандра Паудел премьер-министр Олидің отставкасын қабылдады. Митинг мүшелері мен армия басшысы генерал Ашок Радж Сигдел кездесіп, уақытша үкімет туралы сөйлесті. Наразы топ парламентті таратуды талап етіп, премьер-министр ретінде бұрынғы бас судья Сушила Каркиді ұсынды.
Бұл күні қаза тапқандар саны 28-ге жетті, тағы 100-ден астам адам жараланды. Катманду, Лалитпур, Бхактапурде коменданттық сағат сақталды. Үндістан шекарада 22 қашқынды ұстады.
11 қыркүйекте келіссөздер жалғасты, бірақ ірі бизнес өкілдерін қосу мәселесімен тоқтады. Сушила Карки ұсынысты қабылдады деген мәлімдеме тарады. Әскер қаруды тапсыруды талап етті.
Әуежай ашылып, кей рейстер іске қосылды. Бұл күні тағы 3 адам қаза тапты, 50-ден астам адам жарақат алды.
12 қыркүйекте келіссөздер әлі жалғасып жатыр. Катмандуда шектеулерді кезең-кезеңімен алып тастап жатыр. Сот, банк пен полиция жұмыс істей бастады, алайда қоғамдық көлік әлі де тоқтап тұр.
Жастар көшелерді тазалап жатыр. Бүгінге дейін барлығы 34 адам қаза тауып, 1360-тан астам адам жарақат алды. Билік қаза тапқандардың отбасына өтемақы төлеуге және жараланғандары тегін емдеуге уәде берді.
Премьер-министрдің отставкасы – жастар наразылығы ел үкіметін құлатқанын көрсетті. Әлі де әскер елді тәртіпке шақырып, митинг мүшелерімен келіссөз жүргізіліп жатыр. Олар парламентті қайта жасақтауды және қайта сайлау өткізуді талап етіп отыр. Бұл оқиға ел экономикасына да әсер етті. Туризм тоқтады, Үндістандық туристер эвакуацияланды, шекара жабылды.
Washington Post агенттігінің жазуынша, бұл толқулар Непалдың 2008 жылдан бері саяси тұрақсыздықтан шыға алмай келе жатқанын дәлелдейді. Елде бірнеше рет конституциялық реформалар мен жаңа заңдар қабылданғанымен, жемқорлық, әлеуметтік теңсіздік және биліктің жауапкершілігі мәселелері шешімін тапқан жоқ. Әлеуметтік желілерді бұғаттау – жылдар бойы жиналған наразылықтың сыртқа шығуына түрткі болды.
https://informburo.kz/kaz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через